Елде 900 мың тоннадан астам картоп жиналды, экспортқа шектеу жоқ

Бүгін, 13:47
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
views62
Елде 900 мың тоннадан астам картоп жиналды, экспортқа шектеу жоқ
Фото: freepik.com

Ел өңірлерінде картоп жинау науқаны қарқынды жүргізіліп жатыр. Бүгінгі күнге 907 мың тонна өнім жиналды, деп хабарлады Elordainfo.kz Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.

Өңірлерге қарай алқаптардағы баға килограмына 90-нан 120 теңгеге дейін өзгеріп отыр. Биыл ұйымдасқан шаруашылықтарда картоп егістігінің көлемі 11 мың гектарға ұлғайып, жалпы өнім көлемін 2,7 млн тоннаға жеткізу жоспарланып отыр.

Бұл ішкі нарықтың жылдық қажеттілігінен (шамамен 2 млн тонна) айтарлықтай жоғары.

«Болжам бойынша өнім мол болады. Мұндай көлемде ішкі нарықты толық қамтамасыз етуге еш қауіп жоқ. Сондықтан 28 шілдеде картоп экспортына қойылған барлық шектеулер алынды», – деді ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков.

Бөлшек саудадағы орташа бағалар да төмендеуде. Статистика деректеріне сәйкес, 2 қыркүйекте ел бойынша картоптың орташа бағасы килограмына 194 теңгені құрады. Бұл көрсеткіш бір апта бұрынғыдан 3,9 %-ға төмен.

Экспорт бағытында да оң динамика байқалады. Тамыз айында фитосанитарлық сертификаттарды рәсімдеуде туындаған техникалық мәселелер шешімін тапты. 4 қыркүйектегі жағдай бойынша Өзбекстанға жөнелтілген 8,7 мың тонна картопқа құжаттар рәсімделді.

«Биылғы экспорттық әлеует 450 мың тоннаны құрайды және оның ішкі нарыққа еш әсері болмайды», – деп түйіндеді Ербол Тасжүреков.