Бизнес өкілдері үшін туризм саласында қандай мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылған

27 мамыр, 2025
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Бизнес өкілдері үшін туризм саласында қандай мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылған
Фото: Оңалхан Өнерхан

Туризм және спорт министрлігі туризм саласында кәсіпкерлік субъектілері үшін мемлекеттік қолдаудың бірнеше түрін ұсынады. Бұл шаралар туристік өнімдердің сапасын арттыруға, сондай-ақ ішкі және келу туризмін дамытуға бағытталған, деп хабарлады Elordainfo.kz.

2022 жылғы 1 қаңтардан бастап туризм саласындағы кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекеттік қолдаудың 7 түрі қолданылады.

Атап айтқанда:

1. Келу туризмін ынталандыруға арналған субсидиялар Келу туризмімен айналысатын отандық туроператорларға шетелдік туристерді тартқаны үшін әрбір адамға 15 000 теңге көлемінде субсидия төленеді. Бұл үшін шетелдік туристің елде кемінде 4 күн, 3 түн тоқтағаны және eQonaq жүйесінде тіркелгені растау қажет.

2. Балаларға арналған әуе билеттерін субсидиялау Ішкі туризмді дамыту аясында 18 жасқа дейінгі балалар ел ішінде тегін ұшады. Ол үшін ішкі туризм саласында қызмет көрсететін туроператордан тур сатып алу қажет. Мұндай жағдайда туристік өнім құрамына енгізілген әуе билеттерінің құны 100% субсидияланады.

3. Тау шаңғысы курорттары үшін жабдықтар мен техника сатып алу Кәсіпкерлерге аспалы жолдар, қар тазалау техникасы, жасанды қармен қамтамасыз етуге арналған жабдықтар сатып алғаны үшін мемлекет шығынның 25% өтеп береді.

4. Жол бойындағы сервис нысандарын салуға жұмсалған шығындарды өтеу Мотельдер, жанармай құю станциялары, тамақтану орындары, дәріханалар және өзге де қызмет көрсету нысандарын салуға жұмсалған шығындардың 10%-ы мемлекет есебінен өтеледі.

5. Санитарлық-гигиеналық тораптарды (СГТ) ұстауға арналған субсидия Туристік аймақтарда, автомобиль жолдарының бойында және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда орналасқан санитарлық-гигиеналық тораптарды ұстауға ай сайын 83 300 теңге көлемінде субсидия төленеді.

6. Туристік объектілерді салу немесе жаңғырту шығындарын өтеу Туристік қызмет көрсету нысандарын және туристерге қажетті бағыттарда салынатын немесе қайта жаңғыртылатын объектілерді салу шығындарының 10%-ы субсидияланады.

7. Туристік автобустарды сатып алуға арналған өтемақы Сыйымдылығы 8 орыннан асатын (жүргізушіні қоспағанда) автобустарды сатып алу шығындарының 25%-ы өтеледі. Бұл ретте техника кемінде 5 жыл бойы тек туристік мақсатта пайдаланылуы тиіс.

Аталған қолдау шаралары ішкі туристер ағынын ұлғайтуға, кәсіпкерлерге туристік өнімдерді дамытуға, инфрақұрылымды жақсартуға және қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді.