Атом электр станциясына радиоэкология мамандарын дайындау маңызды – маман
АЭС салу мәселесі 6 қазанда өтетін жалпыұлттық референдумда түбегейлі шешілмек. Ал осындай алып энергетика көзін пайдалану мемлекетіміз үшін қаншалықты пайдалы? Elordainfo.kz тілшісі ҚР Энергетика министрлігі Ядролық физика институтының Астана филиалы директорының орынбасары Дарын Бөргековтен осы жөнінде сұрап білді.
-Дарын Боранбайұлы, алдымен, еліміз үшін атом электр станциясын салудың қандай пайдасы бар екеніне тоқталсаңыз...
Қазіргі әлемді электр қуатынсыз көзге елестету қиын. Жыл сайын электр энергиясын тұтыну артып келеді. Ал энергия тасымалдаушылар, гидроэлектростанциялар, жел, күн және көмір станциялары болсын, электр энергиясын өндірудің тұрақты өсуін қамтамасыз ете алмайды. Қазақстанда электр энергиясын өндірудің негізгі көзі, отын ретінде – көмір, газ және мазут пайдаланатын жылу электр станциялары. Сондықтан электр энергиясының жалғыз тұрақты әрі қауіпсіз көзі атом станциясы болып есептеледі.
Ядролық физика институтында ғылыми-зерттеу жұмыстарына, сондай-ақ, өнеркәсіп пен ядролық медицина үшін радиоизотоптар өндіруге арналған ССР-Қ (ВВР-К) зерттеу реакторы бар. Зерттеу реакторының жұмыс принципі су атом станцияларымен бірдей. ССР-Қ жылу қуаты – 6 Мвт, ал атом станциясының қуаты - 1200-1400 МВт. ССР-Қ зерттеу реакторын басқаратын мамандар атом станциясын да басқара алады. Бірақ атом станциясының штаты зерттеу реакторының штатынан салыстырмалы түрде көбірек.
-Атом электр станциясына қандай мамандар қажет?
-АЭС-те жұмыс істеу үшін әр түрлі мамандар: электриктер, механиктер, дозиметршілер қажет. Әрине, олардың өзіндік ерекшеліктері бар. Атом электр станциясында жұмыс істейтін адамдардың жиырма пайызын атом саласының мамандары құрайды. Нысан радиациялық қауіпті, сондықтан мұнда радиоэкология, адамдарға радиациялық әсер ету мамандары болуы керек.
-Осындай маңызды салаға білікті мамандар дайындау мәселесі қаншалықты жүзеге асырылып жатыр?
-Қазіргі таңда Ядролық физика институтында инженерлік-техникалық персоналды оқытатын Радиациялық қауіпсіздік жөніндегі оқу орталығы жұмыс істейді. Сонымен қатар, Ядролық физика институтының базасында Ядролық қауіпсіздік жөніндегі оқу орталығы ашылған. Бұл орталық ядролық физикалық қауіпсіздік саласындағы оқыту және қызметке жәрдемдесу орталықтарының халықаралық желісіне кіреді.
Ядролық физика институты осы саланың мамандарын дайындайтын еліміздің төрт оқу орнымен тығыз байланыста. Олар: Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті, Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті. Бұл университеттердің студенттері институтта ғылыми-практикалық тағылымдамадан өтуге, өздерінің ғылыми жұмыстарын жасауға, оқудан бос уақытында қондырғыларда жұмыс істеп, тәжірибе жинауға мүмкіндік жасалған. Биыл білім алушылар саны 253 адамды құрайды, ал соңғы 12 жылда 1600-ден астам маман даярланды.
-Ал болашақ мамандарды даярлайтын білікті ұстаздар жеткілікті ме?
-Институт қызметкерлері бүкіл әлемге танымал MIT, CERN сияқты ғылыми ұйымдарда тағылымдамадан өтіп, бірлескен зерттеулер жүргізеді. Тек соңғы 5 жылда Ядролық физика институты 30-дан астам PhD докторын дайындаса, жалпы алғанда, ғылым докторы, кандидаты және PhD ғылыми дәрежелері бар 300-ден астам ғалымды дайындады.