00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Астанада бейбіт атомды қолданудың артықшылықтары талқыланды

10 қыркүйек, 2024
Салтанат Мұратқызы Салтанат Мұратқызы
Астанада бейбіт атомды қолданудың артықшылықтары талқыланды
Фото: Elordainfo.kz

Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Қазақстанның ядролық қоғамы» қауымдастығы «Бейбіт атомды қолданудың артықшылықтары» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Дөңгелек үстелге «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС, «Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы», «Ядролық физика институты», «Қазақстанның энергетикалық аспектілері» зерттеу орталығы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, «Қазақстандық энергиямен жабдықтаушы ұйымдар қауымдастығы» сарапшылары шақырылды. Сондай-ақ, мемлекеттік құрылымдардың, ғылыми мекемелер мен бейінді ұйымдардың өкілдері қатысты.

Дөңгелек үстелдің модераторы, Қазақстандық энергиямен жабдықтаушы ұйымдар қауымдастығының төрағасы Сергей Агафонов алғашқы сөз кезегін Энергетика министрлігі Атом энергетикасы және өнеркәсіп департаменті директорының орынбасары Гүлмира Мұрсаловаға ұсынды. Спикер «Энергобаланс. АЭС салу қажеттілігі» тақырыбында баяндама жасады.

Энергетика министрлігінің өкілі Гүлмира Мұрсалованың айтуынша, бүгінгі таңда еліміздегі электр энергиясын өндірудің негізгі үлесі жалпы өндірістің 66%-н қамтамасыз ететін көмір станцияларына тиесілі. Елдің энергия қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өнеркәсіп пен экономиканы тұтастай дамыту үшін тұрақты энергия көзі болып табылатын атом электр станциясын  салу қажеттігі туындайды.

«Қазақстанның энергетикалық секторы дәстүрлі және жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды теңестіруге ұмтыла отырып, белсенді дамып келеді. Жаңартылатын энергия көздерін дамытумен қатар, реттеуші қуаттар салынуда. Қарқынды даму үшін маневрлік генерацияларды құру қажет. Мәселен, Түркістан облысында қуаты 1000 МВт болатын ірі бу-газ қондырғысының құрылысы жоспарланған. Алайда көмір станцияларында көмірқышқыл газының үлкен шығарындылары бар. Әрі бұл әлемдегі экологиялық жағдайларға байланысты халықаралық қаржы институттары көмір станцияларының құрылысы сияқты жобаларды іске асыруға қаржы бөлмейтіндігімен күрделене түсуде. Атом станциясында да радиоактивті қалдықтар болады, бірақ бұл үшін қажетті технологиялар әзірленеді», - деді Энергетика министрлігі Атом энергетикасы және өнеркәсіп департаменті директорының орынбасары Гүлмира Мұрсалова.

Келесі сөз кезегін алған «Қазақстандық Атом электр станциялары» ЖШС Бас директоры Тимур Жантикин Үкіметтің тапсырмасы бойынша АЭС салуға екі аудан қаралғанын және екі аудан да атом электр станциясын орналастыруға жарамды екенін айтты. Сонымен қатар, ол маркетингтік зерттеулердің тәсілдері мен нәтижелерін растайтын тәуелсіз халықаралық консорциум өткізілгені туралы баяндады.

 «Қазақстанның энергетикалық аспектілері» зерттеу орталығының директоры Алмаз Әбілдаев АЭС Қазақстан үшін көптеген перспективалар ашатынын айтты. Ең алдымен, бұл барлық заманауи экологиялық трендтерді ескере отырып, ауаға шығарындыларды азайту арқылы энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етпек.

«Егер қандай да мемлекетте экономикалық даму болмаса, оған қоса энергетикалық тапшылық болса, ол мемлекет ешқандай инвесторды қызықтырмайды. Сондықтан да шетелдік инвесторлардың барлығы мұнай және газ саласына ғана назар аударады. Бұған дейін мұнай өнімдеріне деген дефицит болды. Біз модернизациялау арқылы елді жанармаймен қамту мәселесін шештік. Дәл солай электр энергиясы тапшылығы мәселесін шешу үшін де жаңашылдық енгізуіміз керек. Алдағы жылдарда атом энергетикасы «жасыл энергетика» қатарына енгелі отыр. Сондықтан көптеген мемлекеттер бұған оралып жатыр», - деді Алмаз Әбілдаев.

Ал Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Ядролық физика, жаңа материалдар мен технологиялар Халықаралық кафедрасының меңгерушісі Қасым Жұмаділов мамандарды даярлауға қатысты өз пікірімен бөлісті.

Дөңгелек үстелде сарапшылар энергетикалық қауіпсіздік мәселелеріне және жобаны дайындау кезеңдеріне ерекше назар аударылды. Сондай-ақ, сарапшылар АЭС салу жобасын табысты іске асыру үшін инфрақұрылымды және кадрлық әлеуетті дамыту бойынша өз көзқарастарымен бөлісті.