Алматыдағы тәртіпсіздіктен зардап шеккен тұлғаларға бүгіннен бастап өтемақы төленеді
Зардап шеккендерге төлемдер келесі дәрежелерге қарай беріледі. Ауыр дәрежеде зардап шеккендер – 2 млн теңге, орташа дәрежеде – 1 млн теңге, жеңіл түрде – 500 мың теңге төленеді. Бүгін тиісті құжаттар қазынашылыққа жіберіліп, түстен кейін алғашқы төлемдер жасалады, – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ілияс Өсеров.
Алматыда болған тәртіпсіздіктер кезінде мемлекеттік органдардың, ауруханалар мен БАҚ-тың 603 қызметкері зардап шеккен. Оның ішінде, құқық қорғау органдарының 592 қызметкері, Төтенше жағдайлар департаментінің 1 қызметкері, жергілікті атқарушы органдардың 3 қызметкері, «Алматы» телеарнасының 1 қызметкері және медициналық ұйымдардың 6 қызметкері бар. Олардың барлығына өтемақы төленеді.
Сонымен қатар, қалада төтенше жағдай кезінде жұмылдырылған Полиция департаментінің 3878 қызметкеріне, Төтенше жағдайлар департаментінің 1207 қызметкеріне, Қоғамдық денсаулық басқармасының 3888 қызметкеріне, құтқару қызметінің 93 қызметкеріне 100 мың теңге қаржылай көмек төленеді.