Қазақстаннан үшінші елдерге картоп экспорттауға тыйым салынды

29 қаңтар, 2025
Олжас Сүлейменов Олжас Сүлейменов
Қазақстаннан үшінші елдерге картоп экспорттауға тыйым салынды
Фото: freepik.com

28 қаңтардан бастап Қазақстан аумағынан үшінші елдерге картоп шығаруға 6 айға тыйым салынды, деп хабарлады Elordainfo.kz.  

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, шектеу Еуразия экономикалық одақ елдеріне қойылмайды.

«Қазіргі уақытта көршілес елдер тарапынан қазақстандық картопқа жоғары сұраныс сақталуда. 2024 жылдың қорытындысы бойынша 605 мың тоннаға жуық картоп экспортталған, бұл 2023 жылғы көрсеткіштен (411 мың тонна) 1,5 есе артық. Бұл көрсеткіш соңғы 10 жылдағы рекордтық деңгейге жетіп, ішкі нарықтағы бағаларға айтарлықтай әсер етті», - делінген хабарламада.

Осыған байланысты нарықтағы жағдайды тұрақтандыру және бағаның өсуіне жол бермеу мақсатында 2025 жылғы 18 қаңтарда өткен Сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның шешімімен Қазақстан аумағынан барлық көлік түрлерімен картопты үшінші елдерге экспорттауға, Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен басқа, 6 ай мерзімге шектеу енгізілді.

Айта кетейік, бұған дейін Астанада картопты сатуға қойылған шектеулер алынып тасталған болатын.