Михаил Горбачёв маңызды үндеу жасады
«Ең алдымен, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін көшбасшылардың Жаһандық Альянсын құру бастамасын атап өткім келеді. Оның қатысушылары сан алуан аймақтан болғаны маңызды. Бұған қоса, олар саясаттағы әртүрлі ұрпақ өкілдері. Оларға қолдау білдіріп, сәттілік тілеймін», - делінген үндеуде.
Михаил Горбачёв қауіпсіздік тұжырымдамасын қайта қарауға қатысты өз ойын жеткізді. Айтуынша, қазіргі уақытта адам қауіпсіздігі бірінші орында болуға тиіс.
«Біздің қауіпсіздік жайлы түсінігімізді түбегейлі өзгерту қажет. Ол әлі күнге дейін әскери аспектіге негізделіп отыр. Қырғи-қабақ соғыс аяқталса да, өкінішке қарай, бұл бағытта ешқандай өзгеріс болмады. Қауіпсіздік дегеніміз – халықты азық-түлік, сумен қамтамасыз етіп, қоршаған орта мен адам денсаулығын қорғау. Біз осыған күш салуымыз керек. Мемлекет көшбасшылары, барлық деңгейдегі жетекшілер осы үшін жауапкершілік алуға тиіс», – деп жазылған Михаил Горбачёвтың мәлімдемесінде.
Ол ядролық қарудың қаупіне ерекше тоқталды.
«Ядролық қару адамзатқа қауіп төндіреді. Ол қабырғада ілініп тұрған қару сияқты, күндердің бір күнінде техникалық ақау немесе адам мен компьютер қателігі салдарынан кездейсоқ оқ атылуы мүмкін. Авиация, өнеркәсіп, түрлі басқару жүйелерінде электроника мен компьютер ақауына байланысты апат болатынын білеміз. Ядролық қару жалған дабылға жауап ретінде де қолданылуы мүмкін. Ол террористердің қолына түссе не болады», - деген алаңдаушылық білдірді Горбачев.
Сондай-ақ, КСРО-ның экс-президенті ядролық қару бейбітшілік пен қауіпсіздік кепілі дейтіндерге жауап берді.
«Осыған сенетіндерге қырғи-қабақ соғыс кезінде осы қару кем деген бір рет дағдарысқа себеп болғанын айтқым келеді. Оның салдарынан ядролық державалар соғыстың аз-ақ алдында қалды. Мен 1962 жылдың қазан айында болған Кариб дағдарысын айтып отырмын. Соңғы уақытта жарияланған құжаттар әлем сол кезде қауіпті шекке таяп қалғанын көрсетеді».
Михаил Горбачёв өз сөзін былай деп түйіндеді:
«Әлемдік саясат, халықаралық қатынастар, саяси көзқарастардың демилитаризациясы маңызды. Әлем ядролық қарудан құтылуы керек. Бұл мақсатқа қол жеткізуге қарапайым халық, ғалымдар, мәдениет қайраткерлері, саясаткерлер мен көшбасшылар үлес қоса алады».
Астана клуб офлайн және онлайн өтті. Кейбір отырыстар «Chatham house» ережесіне сай, яғни жабық форматта болды.