«Небәрі төрт нейрохирург болдық»: Бас нейрохирург Ермек Ибраев елорда медицинасының қалыптасу жолы туралы айтты

«Небәрі төрт нейрохирург болдық»: Бас нейрохирург Ермек Ибраев елорда медицинасының қалыптасу жолы туралы айтты
фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Астананың іргесі қаланған сәттен бастап, барлық салада жаңа жүйелер құрылып, медицинаның да жаңа кезеңі басталды. Сол алғашқы кезеңдерде елорда медицинасын қалыптастыру жолында аянбай еңбек еткен мамандардың бірі – нейрохирургия саласында 30 жылдан астам уақыт қызмет етіп келе жатқан Ермек Ибраев. Elordainfo.kz тілшісі Астана қаласының бас нейрохирургы Ермек Ибраевпен сұхбаттасып, елорда медицинасының қалыптасу жолындағы күрделі сәттер мен бүгінгі жетістіктер жайлы әңгіме өрбітті.

- Ермек Өміртайұлы, еліміздің жаңа астанасы қалыптасар тұста Целиноградтағы медициналық ахуал қандай еді?

- Еліміздің жаңа астанасы бой көтеріп, Целиноград Астанаға айналған кезең ел тарихындағы бетбұрысты дәуір болды. Қаладағы тұтас инфрақұрылым қайта құрылды десек болады. Осы кезеңде денсаулық сақтау саласы үлкен сынға түсті. Елдегі экономикалық дағдарыс салдарынан дәрігерлер саны азайып, аурухана төсек-орындары қысқарды. Дәрігерлер жетіспеді, ал жұмыс істеген мамандардың жалақысы төмен болды. Одан бөлек медициналық құрал-жабдықтар мен дәрі-дәрмектер тапшылығы байқалды. Сол жылдары Целиноградта көпсалалы № 1 қалалық аурухана мен ауданаралық жедел жәрдем станциялары жұмыс істеді. 2000 жылдары құрылыс қарқыны дамып, халық саны көбейіп жаңа емханалар ашыла бастады.

- Сол кезеңде елордада нейрохирургиялық көмектің деңгейі қандай болды?

- Астанадағы нейрохирургия бөлімшесі алғаш рет 1967 жылы құрылды. Ол қаланың медициналық құрылымындағы алғашқы бөлімшелердің бірі болатын. Менің елордаға қоныс аударуым 1995 жылға тұспа-тұс келді. Ол кезде нейрохирургияда білікті мамандар жоқтың қасы еді. Қала бойынша небәрі төрт нейрохирург едік. Ересектердікі бөлек, балалардікі бөлек болған жоқ. Медициналық жабдықтарға келетін болсақ, тіпті, томография жасайтын құрылғы жоқ болатын. Еліміз бойынша алғашқы компьютерлік томограф Степногорск қаласында ғана бар еді. Егер науқастың жағдайын анықтау үшін томография қажет болса, біз оны 200 шақырым жердегі сол қалаға апаратынбыз. Бүгінгі күнмен салыстырсақ, жағдай жер мен көктей. Қазір елордадағы әрбір аурухана мен емханада заманауи құрал-жабдықтар, диагностикаға қажетті медициналық аппараттар жеткілікті.

- Сіз нейрохирургия саласына қалай келдіңіз?

- Мен Шортанды ауданы Жолымбет ауылында мектеп бітіріп, 1984 жылы Целиноград мемлекеттік институтына оқуға түстім. 1990 жылы «емдеу ісі» факультетін бітірдім. Мен оқу барысында жалпы хирургия бағытын таңдадым. Кейін Шортанды аудандық ауруханасында жұмыс істедім. Ол жерде хирург болып, хирургия меңгерушісі, бас дәрігердің орынбасары қызметтерін атқардым. Сосын 1995 жылы елордаға келдім. Бірінші жедел жәрдемде жұмыс істедім, кейін санавиацияға ауыстым. Осы аралықта «хирургия» мамандығы бойынша интернатураны оқып алдым. Біз жалпы Ақмола облысы бойынша медициналық көмек көрсеттік. Сол кезде шақырту түскен аудан орталықтарына басқа дәрігерлермен бірге бардым. Біз жағдайы ауыр науқастарға жергілікті ауруханада көмек көрсеттік. Егер науқас тасымалдауға жарамды болса, онда оны Целиноградқа ұшақпен алып келетінбіз. Осылай 8 жыл жұмыс істеп, бүгінде № 3 көпбейінді қалалық аурухана деп аталатын, ол кезде «Теміржол ауруханасы» аталған мекемеге жұмысқа орналастым. Міне, сол уақыттан бері осы ауруханада жұмыс істеп келемін. Бүгінде 5 жыл болды нейрохирургия бөлімшесін басқарамын.

- Ермек мырза, өміріңіздегі ең алғашқы ота сіз үшін үлкен жауапкершілік болғаны анық. Сол сәт туралы айтып берсеңіз.

- Алғашқы ота жасаған күнім әлі күнге дейін есімде. 1995 жылы болатын. Алты жастағы бала көлік апатына түсіп, ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Бас сүйегіне күрделі ота жасау қажет болды. Жас маман ретінде үлкен жауапкершілікті сезіндім. Қорқыныш та болды. Дегенмен ота сәтті өтті. Сол секілді 1997 жылы тағы бір алты жасар қыз балаға ота жасадым. Ол әткеншектен қатты құлап, бас-ми жарақатын алған. Бұл жолы да қауіп өте жоғары болды. Бірақ біз операцияны сәтті аяқтадық. Сол қыз жуырда арнайы келіп, алғысын білдіріп кетті. Осындай сәттер - дәрігер үшін ең үлкен марапат. Емделіп кеткен науқастардың өз еркімен қайта келіп, саулығын бөлісіп, ризашылығын білдіруі бізге шабыт береді. Кейде тіпті өз отбасылық қуанышына шақырып жатады.

- Бас нейрохирург ретінде сізге қандай жауапкершілік жүктелді?

- Қазіргі таңда мен Астана қаласы бойынша барлық нейрохирургиялық бөлімшелердің жұмысына жауаптымын. Әріптестеріме бағыт-бағдар беріп, тәжірибе бөлісу - мен үшін күнделікті іс. Егер науқастың жағдайы тым күрделі болса, шет қалмай, өзім де ота үстеліне тікелей қатысамын. Біз ешқашан операцияны «жеңіл» немесе «ауыр» деп бөлмейміз. Әр ота – үлкен жауапкершілік. Өз тәжірибемде ең ұзаққа созылған операция 16 сағатқа дейін жалғасты. Бірақ біз үшін уақыт маңызды емес – бастысы сол отадан кейінгі нәтиже. Аптасына 3-4 ота жасасам, соның кем дегенде біреуі аса күрделі болып шығады. Біздің ауруханада «Сарыарқа» және «Байқоңыр» аудандарының тұрғындары қаралады. Бөлімшеміз күніне 10-нан 30-ға дейінгі аралықта науқас қабылдайды. Кейде жарақатпен түскен адамдарға шұғыл ота жасауға тура келеді. Сонымен қатар бізге елордаға іргелес орналасқан 9 ауданнан да науқастар келіп, медициналық көмек алады.

- Нейрохирург болу үшін қандай қасиеттер керек деп ойлайсыз?

- Медицина саласының ішіндегі нейрохирургия – ең күрделі әрі қиын бағыттардың бірі. Қазіргі таңда мен «Астана» медицина университетінің резиденттеріне тәлімгерлік етемін. Олар біздің ауруханаға келіп, тәжірибелік дағдыларын жетілдіру үшін отаға қатысады. Болашақ нейрохирургтарға ең бірінші айтарым: стреске төтеп беру және әрқашан сабырлы болу қажет. Себебі біздің ең ауыр сәттеріміздің бірі – науқастың жағдайы туралы, сондай-ақ оның денсаулығы жөніндегі болжамдарды оның жақындарына жеткізу. Бұл – аса мұқияттылықты талап ететін сәт. Ота жасау барысында түрлі күтпеген жағдайлар туындауы мүмкін. Сондықтан әрбір нейрохирург үнемі білімін жетілдіріп, жаңа технологиялар мен әдістерді меңгеруге тырысуы тиіс. Нейрохирургия саласы қазір қарқынды дамып келеді, сондықтан біз үнемі ізденісте болуымыз керек. Тағы бір маңызды жайт – адамдармен дұрыс қарым-қатынас орната білу. Кейде бұл қасиет медицина қызметкерлерінің назарынан тыс қалып жатады, салдарынан дәрігер мен науқас арасында түсініспеушілік туындайды. Дәрігер науқас пен оның туыстарына жағдайдың шынайы жай-күйін, алдын ала болжамдарын анық әрі түсінікті жеткізе білуі қажет.

- Сұхбатыңызға рақмет!