«Медицина қызметкерлеріне қарсы зорлық-зомбылықты тоқтатыңыздар!» – министр халыққа үндеу жасады


Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова өзінің Instagram парақшасында Қарағанды мен Қостанайда медицина қызметкерлеріне жасалған шабуылға байланысты қазақстандықтарға үндеу жасап, адам өмірін арашалап жүрген жандарға қарсы қатыгездікті тоқтатуға шақырды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Құрметті қазақстандықтар! Сіздерге перзентханада мейіргер, балалар ауруханасының қабылдау бөлімінде кезекші және ординатор дәрігер болып жұмыс істеген маман ретінде үн қатқым келеді: медицина қызметкерлеріне қарсы зорлық-зомбылықты тоқтатыңыздар!
Негізсіз, ашу мен ызаға бой алдырған қатыгез әрекеттер кезінде өз балаларыңызды, ата-аналарыңызды, жақындарыңызды аман алып қалуға жан салып жүрген дәрігер мен мейіргердің бойын билеген жан жарасы мен қорлығы, қорғансыздығы мен үрейін елестету мүмкін емес.
Біз тағы да Қарағанды мен Қостанайда орын алған екі сорақы жағдайға куә болып отырмыз», - деп жазды Ақмарал Әлназарова.
Оның мәліметінше, Қарағандыда жеке клиниканың мейіргеріне шабуыл жасалған, Қостанай облыстық ауруханасында урология бөлімінің жас хирургі қатыгездікпен соққыға жығылған. Пациент өз кезегін күткісі келмегендіктен, дәрігерді бір ұрып, есінен тандырған. Қазір дәрігер жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайы ауыр.
«Адам өмірін арашалап жүрген жанға қол көтеру үшін адам қаншалықты деңгейде қатігез және мейірімсіз болуы керек?
Бейбіт уақытта дәрігерлердің өз жұмыс орнында өміріне қауіп төнуі – ақылға қонбайтын, мүлде жол беруге болмайтын жағдай.
Бұл – тек бір дәрігерге жасалған шабуыл емес. Бұл – ондаған пациенттің қараусыз қалуы, ондаған операцияның кейінге шегерілуі. Бұл – бүкіл денсаулық сақтау жүйесіне төнген тікелей соққы. Шабуыл жасалған қабылдау бөлімдері –онсыз да қауіпі жоғары аймақтар», - деді министр.
Ақмарал Әлназарованың айтуынша, осыған байланысты биылғы қыркүйекте медицина қызметкерлеріне жасалған шабуыл үшін жауапкершілікті күшейтуге бағытталған заңнамалық өзгерістер парламентке енгізіледі.
«Мұндай әрекеттерді тұрмыстық қақтығыс ретінде емес, қоғамдық қауіпсіздікке төнген қауіп ретінде бағалау қажет.
Медицина қызметкерлеріне қарсы зорлық-зомбылықтың жиілеп кетуіне байланысты ішкі істер министрімен бірлесіп, шұғыл түрде ургенттік стационарлардың, балалар және перинаталдық орталықтардың қабылдау бөлімдерінде тәулік бойы күзет посттарын күшейту туралы шешім қабылданды.
Барлық медициналық ұйым бейнебақылау жүйесімен, күзетпен және дабыл батырмаларымен қамтамасыз етілуі тиіс», - деді денсаулық сақтау министрі.
Ведомство басшысы сөзін қорытындылай келе, жапа шеккен қостанайлық дәрігер санитариялық авиациямен Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығына жеткізіліп, білікті мамандардың қатысуымен әрі қарай ем қабылдайтынын жеткізді.



