Мәжіліс комитетінің отырысында ана мен бала өлімін азайту мәселесі талқыланды


Атырау облысында Асхат Аймағамбетовтың төрағалығымен Әлеуметтік-мәдени даму комитеті мен Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палатаның бірлескен көшпелі отырысы өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев ресми органдар сәби өлімінің азайғанын айтса да, соңғы жылдың өзінде 2 жарым мың сәби шетінеп кетуі жақсы көрсеткіш емес екенін алға тартты. Оның мәліметінше, 5 облыста – Абай, Ақтөбе, Алматы, Жетісу, Ұлытау облыстарында – сәби өлімі артқан. Келесі өзекті мәселе – ана өлімі. Қазақстанда 2021 жылы – 200, 2022 жылы – 70, 2023 жылы – 45, 2024 жылы 37 ана босану үстінде жан тапсырған. Соңғы 6 жылдың дерегін салыстырсақ, Қазақстанның 10 облысында ана өлімі көбейген.
Өз кезегінде Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру нәтижесінде 2024 жылы тәуелсіздік тарихындағы сәби өлімінің ең төменгі көрсеткішіне қол жеткізгенін атап өтті. Көрсеткіш 1000 балаға шаққанда 7,05-ті құрады. Сонымен қатар ана өлімі бойынша да ең аз статистика тіркелген. Көрсеткіш 1992 жылғы 76,8-ден 2024 жылғы 10,1-ге дейін, яғни, 7,6 есе төмендеген.
Талқылау барысында депутаттар мен Қоғамдық палата мүшелері мамандар даярлау, әлеуметтік қолдау, шалғай ауылдардың тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімділігі, ана мен баланы өлімнен арашалап қалған дәрігерлерге үстемқы төлеу, ерте жүктіліктің алдын алу, босанған ана мен өмірге келген сәбидің денсаулығы мен күтімі, мамандардың мемлекеттік ауруханалардан жеке клиникаларға кетуі және басқа да мәселелерді көтерді.
Сөз соңында Асхат Аймағамбетов дәрі-дәрмекпен қамтуды қайта қарау, перинаталдық орталықтардың материалдық-техникалық базасын жақсарту жұмыстарын күшейту қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар комитет төрағасы акушер-гинекологтардың жұмысының күрделілігіне қарай сараланған еңбекақы төлеуді енгізуді, нақты жетіспеушілік болған жерлерге мақсатты оқытумен атаулы білім гранттарын енгізуді ұсынды. Жиын барысында айтылған осы және өзге де ұсыныстар жинақталып, Үкіметке жолданатын болады.