«Демографиялық көрсеткіштер өсімі»: министр МӘМС-ке реформа не үшін керек екенін айтты


ҚР Парламенті Мәжілісінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша түзетулер енгізу туралы заң жобасының таныстырылымы өтті. Онда Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова МӘМС-ке қатысты проблемаларға тоқталды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Министр МӘМС жүйесіндегі туындаған қиындықтарды бірнеше мәселелермен байланыстырды.
«Біріншіден, азаматтардың МӘМС жүйесімен төмен қамтылу көрсеткіші және медициналық көмектің аралас пакеттерін әкімшілік басқарудың күрделілігі.
Демографиялық көрсеткіштер өсімі де әсер етеді. Яғни, соңғы 5 жылдың ішінде халық санының 7 пайызға өсуі орын алуда. Медициналық көмекті тұтынушылардың саны артып отыр. Мысалы, 60 жастан асқан адамдардың саны соңғы 5 жылда 28 пайызға асты. Балалар саны 18 пайызға асты. Аурушаңдықтың артуы байқалуда. Жоғары технологиялық медициналық қызметтерді пайдаланудың артуына байланысты стационарлық қызметтің орташа құнының 1,6 есеге өсуі. Бұлар МӘМС жүйесінің қаржыландыру моделін қайта қарау үшін объективті факторлар болып табылады.
Сонымен қатар бұған байланысты Мемлекет басшысының бірнеше рет тапсырмалары берілген болатын.
Сондай-ақ Жоғары аудиторлық палатаның 2023 жылғы тексеру қорытындысы бойынша медициналық көмектің 39 млрд теңге көлемінде пакеттен-пакетке ауыстырылып, қаржыландырылған жүйелік кемшіліктің анықталғанын атап кеткен жөн.
Мемлекет басшысының 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттің мүмкіндігі мен міндеттілігін ескере отырып, медициналық көмектің бірыңғай базалық пакетін қалыптастыруды тапсырды.
Жоғарыда айтылғандарға байланысты МӘМС реформасы тек қажеттілік емес, сонымен қатар стратегиялық басымдық екені анық», - деді А. Әлназарова.



