Қатерлі ми ісігін жаңа технология арқылы қалай емдейді?
Мұндай оталар Қазақстанда, тіпті Орталық Азияда теңдесі жоқ Гамма-пышақ технологиясы арқылы жүзеге асырылады. Аталған технологиямен емдеу елімізде 2021 жылдың маусымынан басталды деп хабарлады Elorda.info.
Ең соңғы енгізілген инновациялық құрылғы Гамма-пышақ арқылы бас миы, жұлындағы ісіктер, тамырлардың ақауы және функционалдық өзгерістерге ем жасалады. Ота пышақсыз, наркозсыз, қан құйылуының қатерінсіз жоғары дозалы сәулелендіру арқылы ем жасалады. Әрі күшті сәуле тек обырлы ДНҚ-ны ғана ыдыратады, ал айналасындағы сау тінді бүлдірмейді. Науқас тамақтанып, жақсы көңіл күймен , ауырсынусыз ем алып, үйіне жағдайына қарай сол күні я ертесі күні-ақ бара алады. Отаға ең азы 15 минут, ең көбі 7 сағат шамасында уақыт кетеді.
-Медициналық құрылғымен осы уақытқа дейін 1000-нан аса ота жасалды. Гамма-пышақ арқылы отаға обырға ұшыраған науқастар жергілікті жердегі емханалардың жолдауымен, госпитализациялау порталына тіркелу арқылы кезекке тұра алады. Орталықтағы мамандар кеселге шалдыққан жандардың ауру деңгейіне қарап, ісіктің қатерлі я қатерсіздігіне орай шешім қабылдайды. Шұғыл көмек керек обыр ауруына шалдыққан науқас орталыққа неғұрлым ерте жеткізіледі, - деді Ұлттық нейрохирургия орталығының медициналық директоры Асылбек Қалиев.
Ал миллионнан асып жығылатын қымбат бағалы емді еліміздегі барлық тұрғындар МӘМС арқылы тегін ала алады. Дәрігерлер Гамма-пышақ-тың көмегіне, тіпті, шетелдіктер де ақылы негізде жүгінгендерін айтып отыр. Науқастардың ішінде, өкінішке орай, балалар да бар. Құрылғы тәулік бойы жұмыс істей алады, бүгінде орталықта күніне 3-4 науқас миға пышақсыз ота жасалуда.