00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

Астананың денсаулық сақтау саласы қалай дамып жатыр

27 желтоқсан, 2024
Зарина Сәрсенбайқызы Зарина Сәрсенбайқызы
Астананың денсаулық сақтау саласы қалай дамып жатыр
фото: Оңалхан Өнерхан

Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі, медициналық білім, дәрі-дәрмек сапасы, мамандар тапшылығы мәселесі қашан да қоғам назарынан тыс қалған емес. Бірақ саладағы үлкен жетістіктер бүгінде жоғары медициналық қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Бір елорданың өзіңде жыл басынан бері 435 медициналық құрал сатып алынып, 152 мыңға жуық қала тұрғыны тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді. Биыл қала стационарларында қанша науқас ем алды? Елорданың денсаулық сақтау саласын цифрландыру бойынша қандай жұмыс атқарылып жатыр? Elordainfo.kz тілшісінің осы және өзге де сұрақтарына  Астана қаласы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әлия Рүстемова жауап берді.

- Әлия Шайзадақызы, жалпы елордада қанша медициналық нысан бар? Биыл қанша елордалыққа медициналық көмек көрсетілді?

- Бүгінгі таңда елордада 47 емхана, 11 стационар және 3 ведомстволық медициналық ұйым жұмыс істейді. Сондай-ақ қалада 2 мыңнан астам төсек-орынға арналған 7 республикалық және ведомстволық аурухана бар. Жастарға  репродуктивті және психикалық көмек көрсететін 24 жастар денсаулық орталығы жұмыс істейді. Сондай-ақ емханаларда егде жастағы тұрғындарға медициналық көмек көрсету үшін антикоагулянттық терапия және геронтология кабинеттері бар.

Биыл скринингтік зерттеумен 469 мыңнан астам адам қамтылды. Хирургиялық көмекке қол жеткізу үшін қаланың 9 емханасында амбулаториялық хирургия орталықтары жасақталып, онда 60 мыңнан астам ота жасалды. Сонымен қатар қала стационарларында 187 мыңға жуық пациент емделіп, 28 мыңға жуық сәби дүниеге келді. 11 айда елорданың жедел жәрдем қызметі 546 мыңға жуық шақыртуға барып, 152 мыңға жуық қала тұрғыны тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді.

фото: Астана қаласы Денсаулық сақтау басқармасы 

- Бас шаһарда күрделі ота жасау үшін медициналық жабдықтар қаншалықты жеткілікті?

- Биыл 435 бірлік медициналық жабдықты сатып алу арқылы диагностика мен емдеудің сапасын едәуір жақсарттық.  Жаңа заманауи медициналық құралдарды сатып алу медициналық қызметтің сапасын жақсартуға және пациенттердің денсаулығын тиімді бақылау мен емдеуге мүмкіндік береді. Елорда ауруханаларында енгізілген диагностика және емдеу әдістері жыл сайын жаңарып келеді. 2022 жылы асқазан қатерлі ісігіне арналған лапароскопиялық гастрэктомия енгізілді. Онкологиялық орталықта бөлімшелердің ғылыми қызметін үйлестіру және жаңа технологияларды енгізу мақсатында ғылым және инновациялық технологиялар бөлімі жұмыс істеп тұр.

- Биыл елордада қандай медициналық нысандарға жөңдеу жұмыстары жүргізілді?

- Биыл «Байқоңыр» ауданында орналасқан «Достық» алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығының ғимаратына күрделі жөңдеу жүргізілді. Келесі жылы 3 медициналық нысанда күрделі жөңдеу жүргізуді жоспарлап отырмыз. Атап айтқанда, «Алматы» ауданында орналасқан Астана қаласы әкімдігінің № 1 көпсалалы қалалық ауруханасы ғимаратының шатырына күрделі жөндеу жүргізіледі. «Сарыарқа» ауданындағы Астана қаласы әкімдігінің № 3 көпсалалы қалалық ауруханасы хирургиялық корпусына күрделі жөңдеу жүргізілмек. Манас көшесі, 22/3 мекенжайында орналасқан  Қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына да күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған.

- Елордада медицина саласында қанша қызметкер бар?

- Астана қаласының мемлекеттік денсаулық сақтау секторында 13 мыңға жуық медициналық қызметкерлер жұмыс істейді. Оның ішінде дәрігерлер –  3,3 мыңға жуық, орта медицина қызметкерлері – 5,9 мыңнан астам, кіші медицина қызметкерлері – 1,9 мыңнан астам. Биыл дәрігерлер жалақысы 30 пайызға, орта медицина қызметкерлерінің жалақысы 20 пайызға өсті. Елордада 25 жылда дәрігерлер мен орта медициналық қызметкерлердің жалақысы 97,2 пайызға өсті.

- Әлия Шайзадақызы, бүгінде елордада медицина мамандарының біліктілігін арттыру үшін қандай жұмыс жүргізіліп жатыр?

- Биыл орта медицина қызметкерлерінің дағдылары мен білімдерін дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Мәселен жергілікті бюджет қаражаты есебінен биыл Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде 74 медицина қызметкері білім алды, 14-і әлі оқыту сатысында. Ел ішінде 381 - і оқытудан өтті, 5 - і оқыту сатысында. Қазір каскадты әдіспен оқыту үшін бізге шетелден бірнеше медбикелерді шақыру мәселесі қарастырылуда. Жақында біз витреоретинальді хирургия бойынша халықаралық сарапшы, Нью-Делиден профессор Никхил Палды шақырдық. Ол ерте витрэктомия тақырыбында мастер-класс және хирургтермен бірлескен оталар өткізді. Біз әрқашан қызметкерлерімізді оқытуға және олардың біліктілігін арттыруға үлесімізді қосуға дайынбыз.

- Астанада денсаулық сақтау саласын цифрландыру бойынша қандай жұмыс атқарылып жатыр?

- Цифрландыру диагностика, емдеу және өмір сапасын жақсарту үшін жаңа мүмкіндіктер береді. Мысалы, қазір барлық анықтамаларды қағаз түрінде емес, ұялы телефон арқылы алуға болады. Соңғы жаңалықтарға сәйкес, қараша айының басында елордалық емханаларда Face ID цифрлық сәйкестендірудің пилоттық жобасы басталды. Бұндай жаңашылдықты енгізу туралы науқастар мен дәрігерлер оң көзқарастарын білдірді. Face ID жүйесі қабылдауды тездетіп қана қоймайды, сонымен қатар деректердегі қателерді жояды және бұл дәрігерлердің назарын науқастарға аударуына көмектеседі.

Биометриялық сәйкестендіруді енгізу денсаулық сақтау жүйесінің ашықтығын арттырады және пациенттердің жеке деректерін қорғайды. Face ID жүйесі бойынша жобаны 1 қаңтардан бастап бүкіл республикаға кезең-кезеңімен масштабтау жоспарлануда. Бұл жүйе бойынша тұрғындар мен дәрігерлер арасында жағымды пікір қалыптасуда және цифрландырудың дамуына үлкен үлес қосады деген сенімдеміз.

- Сұхбатыңызға рақмет!