Астанада жаңа перинаталды орталық салынады

Бүгін, 09:12
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астанада жаңа перинаталды орталық салынады
Фото: Астана қаласы әкімдігінен

Демографиялық есептерге негізделген халық санының өсімі ескеріле келе Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өткен жылы елордада перинаталды орталық салу жобасын жүзеге асыру басталды. Құрылысты «Самұрық-Қазына» АҚ қаржыландырады. Бұл туралы Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әлия Рүстемова мәлім етті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Бүгінде «Самұрық-Қазына» қоры есебінен «Сарыарқа» ауданында перинаталдық орталықтың құрылысы жүргізілуде, нысанды 2027 жылы пайдалануға беру жоспарланған. Қала әкімдігі денсаулық сақтау нысандарының құрылысына жеке инвестициялар тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Биыл екі толыққанды жеке клиника («Нұрлыжол» вокзалы және Хусейн бен Талал көшесі маңында) пайдалануға беріледі. Ал алдағы үш жылда инвесторлар есебінен тағы екі емхана салынады», – дейді ведомство басшысы Әлия Рүстемова.

Сондай-ақ ол елордадағы ауруханалар мен емханалардың материалдық-техникалық базасын жақсарту туралы айтты. 2024 жылы қаладағы медициналық ұйымдарға 435 медициналық жабдықтар сатып алынды. Биыл қаладағы ауруханалар мен емханалар үшін 336 медициналық жабдық сатып алу жоспарланып отыр.