6 айға дейін МӘМС-те «сақтандырылған» статусы сақталады – Аймағамбетов


Депутат Асхат Аймағамбетов жұмыссыз қалғандар емханадағы «сақтандырылған» статусынан айырылмайтынын айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Жұмыссыз қалсаң — емханадан айырылмайсың. Бұрын 2–3 ай жарна төлемесең — бірден “сақтандырылмағансың”. Сосын емхана қабылдамайтын. Мысалы, мұғалім 5 жыл үзбей жарна төлейді. Жазда демалыстары бірнеше ай болғаннан кейін бухгалтериясы бірнеше айға бір төлеммен жарнасын аударады да, сосын Қорға үш ай бойы ақша түспеді деп олар МӘМС-тен түсіп қалатын. Сосын тамызда емханаға барса – «сіз жүйеде жоқсыз» дейтін. Енді бұлай болмайды. Егер адам бірнеше жыл бойы тұрақты төлем жасап жүрсе - сосын жұмыстан айырылып, 6 айға дейін жарна төлемесе де, бухгалтериясы кешіктіріп төлесе де, мәртебесі сақталады. Яғни емхана мен ауруханаға баруға құқығы бар. Бұл — мұғалімдерге де, басқа жұмыс істейтін азаматтарға да үлкен жеңілдік», - деді спикер.
Оның айтуынша, күрделі көз операциялары енді жеке клиникада да жасалады.
«Бұрын көз мүйізгек қабығын ауыстыру секілді операциялар тек мемлекеттік ауруханада ғана жасалатын. Заңда осындай шектеу болды. Енді оны лицензиясы бар жеке клиникада да жасатуға болады. Демек таңдау көп, кезек аз, көмек тезірек көрсетіледі. 3)МӘМС болмаса да - алғашқы көмек көрсету сақталды. Біз қорғаған ең маңызды нәрсе — алғашқы медициналық көмекті бәріне қолжетімді ету. МӘМС жарнасы болмаса да: поликлиникаға баруға, негізгі анализ тапсыруға, ЭКГ, УЗИ өтуге, әлеуметтік маңызды аурулар бойынша ем алуға (туберкулез, ВИЧ, онко), дәрігер кеңесін алуға құқығы бар. Бұл міне, Президенттің тапсырмасына сай, оны қамтамасыз ететін, маңызды шешім болды», - деді депутат.
Асхат Аймағамбетов енді клиникалар есеп беруге міндетті екенін айтады.
«Бұрын клиникалар мен қор қайда, неге ақша жұмсады - білмейтінбіз.
Енді: МӘМС қоры, ақша алатын барлық клиникалар есеп беруге міндетті. Бастапқыда ұсыныс - МӘМСке төлем жасағанда жарнаның шегі 50 ЕТЖ болсын деген. Бұл — жұмыскерлерге де, бизнеске де ауыр болар еді. МӘМС-ке жарна деген ол салық емес қой. Сондықтан жарнаны біз жұмыс беруші үшін шекті 40 АЕК-ке, қызметкер үшін 20 АЕК-ке дейін түсірдік. Заңсыз емхана — бірден тексеріледі. Енді медбақылау комитеті рұқсатсыз жұмыс істеп жатқан клиникаға шұғыл әрекет етеді. Министр өзі тексеру тағайындай алады. Ол мынандай жағдайда: егер қоғамда резонанс туса немесе шағым түссе. Бұрын бұл үшін көп қағаз, уақыт керек еді. Енді бұл шапшаң болуы керек», - деді ол.



