Елімізде алғаш рет онкологияны емдеудің бірегей әдісі қолданылды
Қазақстанда алғаш рет қатерлі ісікке шалдыққан балалардың сүйек кемігін трансплантациялау үшін дененің толық сәулеленуінің соңғы техникасы қолданыла бастады, деп хабарлады Elorda.info «ҚазАқпаратқа» сілтеме жасап.
Астанада «UMIT» халықаралық онкологиялық томотерапия орталығы мен Ұлттық “Ана мен бала” орталығының онкологтары шетелдік мамандармен бірлесіп, онкологиялық ауруларды емдеудегі соңғы әдістемені – «Total Body Irradiation»(TBI) қолдану бойынша оқыту шеберлік сабағын өткізген болатын. Сүйек кемігін трансплантациялауды қажет ететін науқас қызды мысалға ала отырып, UMIT Халықаралық онкологиялық орталық мамандары ресейлік онкологтар және “Ана мен бала” ұлттық орталығының дәрігерлерімен бірлесіп, денені жалпы сәулелендірудің бірегей әдісін қолданды.
12 жастағы Кәусарға қатерлі ісік ауруын емдеу үшін сүйек кемігін ауыстыру керек. Ол бұған дейін Түркияда ем қабылдаған. Бірақ, донор табылмай, елге келген. Енді Елордадағы орталықта науқастың бүкіл денесін толық сәулелендіру арқылы емдеу жүргізілді. Бұл онкологиялық науқасты сүйек кемігін трансплантациялауға дайындаудағы қажетті қадам. Бұрын бұл процедура Қазақстанда ешқашан қолданылмаған, - делінген баспасөз баянында.
Жалпы TBI технологиясы сәулелендіруі нақты аймақтардағы ісікті жою үшін қолданылмайды, бүкіл денені сүйек кемігін трансплантацияға дайындауға арналған. Трансплантацияланған сүйек кемігінің негізінде адам ағзасы ауру-сырқаусыз өзінің ары қарай өмір сүруін және қалпына келуін жалғастырады.
Бұл Қазақстанның бүкіл денсаулық сақтау саласының жетістігі екені сөзсіз. Өйткені, бүгінгі күнге дейін бірде-бір онкологиялық диспансерде лейкоздың миелоидты лейкоз, лимфобластикалық лейкоз сияқты түрлерімен ауыратын науқастарға сүйек кемігін трансплантациялау арқылы емдеу кезінде денені толық сәулелендіру жүргізілмеген, - дейді «UMIT» Халықаралық онкологиялық томотерапия орталығының директоры Ержан Шаяхметов.
Жыл сайын елімізде 36-37 мың қатерлі ісікке шалдыққан науқас анықталатынын ескерсек, болашақта бұл жаңа тәсілдің Ұлт саулығын сақтауда берер көмегі зор дейді сала мамандары.
Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда қан түзу және лимфа жүйесінің онкологиялық ауруларымен ауыратын 9 мыңнан астам науқас бар. Әрі жыл сайын 1500-ге дейін жаңа науқастар тіркеледі, оның ішінде 232 жағдай (2021 жылдың деректері бойынша) жедел лейкозбен ауыратын балалар. Жедел лимфобластикалық лейкозбен ауыратын балалардың 5 жылдық жалпы өмір сүру деңгейі былтыр (2021 жылдың көрсеткіші) шамамен 72% құраған.