00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Жекеменшік әлде мемлекеттік: Бастауыш сынып оқушысына қандай мектеп ыңғайлы

27 қыркүйек, 2024
Салтанат Мұратқызы Салтанат Мұратқызы
Жекеменшік әлде мемлекеттік: Бастауыш сынып оқушысына қандай мектеп ыңғайлы
Фото: Оңалхан Өнерхан

Бүгінгі таңда білім беру саласы жаңа технологиялар мен оқытудың инновациялық әдістерінің әсерінен тез өзгеруде. Елімізде сапалы білімнің құндылығы артып, сәйкесінше оған деген сұраныс та жоғарылап келеді. Сондықтан «Қай мектепті таңдаған дұрыс, жекеменшік немесе мемлекеттік пе?» деген сұрақ көптеген ата-аналар мен оқушыларды алаңдатады. Екі жүйенің де өзіндік артықшылықтары мен кемшіліктері бар және таңдау көбінесе баланың, оның отбасының жеке қажеттіліктеріне байланысты. Бұл материалда мектепті таңдауда қандай факторлар маңызды екенін және олардың оқушылардың дамуы мен қалыптасуына қалай әсер ететінін әңгімелейтін боламыз, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Мектепті таңдағанда жайлылығына мән бергеніңіз жөн

Жекеменшік және мемлекеттік мектеп арасындағы таңдау - мұқият талдауды қажет етеді. Білім беру бағдарламаларын ғана емес, сонымен қатар оқыту тәсілін де қарастыру маңызды. Білім беру саласындағы сарапшы, Астана мәслихатының депутаты Бауыржан Қасымбергебаев бұған бек сенімді.

«Жекеменшік мектептер мемлекеттік мектептерден қаржыны басқару жүйесімен, мамандарымен және білім беру үдерісімен ерекшеленеді. Жекеменшік мектеп әкімшілігі мен ондағы мұғалімдердің  өзара әрекеттесу стилі мемлекеттік мектептердің қатаң иерархиясына қарағанда өзгеше. Мемлекеттік мектептер бүгінде жүктелген жұмыстың көптігіне байланысты әр балаға уақыт пен көңіл бөле алмайды. Тиісінше, жекеменшік мектептерде әр оқушыға көңіл бөлініп, оның білім деңгейіне және психотипіне қарай жұмыс жүргізіледі, соның арқасында бала материалды жақсы игереді. Жекеменшік мектепте оқушылардың мақсаттарына сәйкес келетін икемді білім беру жүйесі бар.
Дегенмен, менің ойымша, жекеменшік мектептер әрқашан терең білім мен беделге кепілдік бермейді. Мысалы, бізде Назарбаев Зияткерлік мектептері мемлекеттік жүйесі бар, онда еліміздің үздік білім беру жүйелері мен әдістемелері қолданылады. Сондай-ақ, мемлекеттік - жекеменшік әріптестік қағидаты бойынша құрылған қазақстандық Binom мектептерінде көптеген үздік педагогикалық тәсілдер бар», - дейді сарапшы.

Фото: Жасанды интеллект

Оның айтуынша, жекеменшік және мемлекеттік мектептердің білім беру әдістері мен процестерінде айырмашылықтар бар.

«Мемлекеттік мектептер жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына сәйкес білім беру процесін жүргізуі және оқу аяқталғаннан кейін қазақстандық үлгідегі аттестаттар беруі тиіс. Ал жекеменшік мектептер еуропалық және американдық дипломдарды, сондай-ақ бірлескен қазақстандық аттестаттарды бере алады. Айта кету керек, жекеменшік мектеп басшыларында ұйымның қаржылық тұрақтылығына байланысты мектепке ең жақсы мұғалімдерді тартуға арналған барлық мүмкіндіктер бар. Мысалы, мұғалімнің жоғары жалақысы, тұрғын үйді жалға алу, әлеуметтік пакет, елде де, шетелде де біліктілікті арттыру бойынша қосымша курстар мен бағдарламалар ақысын төлеу мәселелерін шеше алады, өкінішке орай, мемлекеттік мектептерде жағдай басқаша. Жалпы оқушыны даярлаудағы педагог деңгейі ең маңызды аспект болып табылады», - дейді Бауыржан Қасымбергебаев.

Спикердің айтуынша, ата-аналар балаға жайлы болатын мектепті таңдауы керек.

«Кез келген мектепте оқи отырып, білім алып, соның арқасында оқушы әлемнің үздік университеттеріне түсе алады. Кейде ата-аналар жекеменшік мектепті таңдайды, оған барар жолдың бір бағыты 1-1,5 сағатты алады, ал барып-келуге  күн сайын баланың 2-3 сағаты кетеді. Есептеулер бойынша, оқудың 10 айында оқушының жолға кеткен уақыты толық бір айды құрайды. Сондықтан мектепті таңдағанда бірнеше сұрақтарға жауап беру керек: сіз және сіздің балаңыздың қандай мақсаттары бар, балаңыздың эмоционалды және интеллектуалды даму деңгейі қандай? Жекеменшік мектепті таңдағанда, сіз балаңыздың ортасын да таңдайсыз», - дейді ол.

Жекеменшік мектеп форматы ұнайды десеңіз...

Әрбір таңдау бірегей және нақты жағдайларға байланысты екенін ескеру маңызды. Ата-аналар балаларына мектеп таңдаудың қаншалықты қиын екенін біледі. Баласы жекеменшік мектепте оқитын Татьяна Печененко жеке мектепті таңдау баланың өміріне қалай әсер ететінін айтты.

«Балам 1-сыныптан бастап жалпы білім беретін мектепте оқыды. Алайда, өткен жылы қызым екеуміз онлайн форматтағы жекеменшік мектепке ауысу туралы стратегиялық шешім қабылдадық. Өйткені Милана мәнерлеп сырғанаумен айналысады және спортты кәдімгі мектеппен үйлестіру қиынға соқты. Кейбір мұғалімдер баланың сабақтарды өткізіп жіберіп, жарыстар мен жаттығуларға жиі баратынына оң көзқарас танытпады. Онлайн-мектептер аз, бірақ бәсекелестік жағдайында олар жоғары білім деңгейін ұстауға және тамаша оқытушылар құрамын сақтауға тырысады. Бізге формат, мұғалімдер мен куратордың мұқият көзқарасы ұнайды. Бізде әрқашан тікелей байланыс бар және барлық мәселелер мен ұсақ мәселелер өте тез шешіледі. Айта кету керек, мектептегі артықшылықтардың бірі ыңғайлы кесте және оқу аяқталғаннан кейін мемлекеттік аттестаттың берілуі», - дейді Татьяна Пичененко.

Оқудағы жетістік тек мектепке байланысты емес

Ал Сәлім Байдәулетова төрт баланың анасы ретінде балаларының мемлекеттік мектепте оқығанын қалайды. Оның пайымдауынша, оқушының үлгеріміне мектептің білім беру бағдарламасы ғана емес, оның әлеуметтік мүмкіндіктері де білімге деген ұмтылысқа әсер етеді.

«Мен ұлдарым баратын мемлекеттік мектеп туралы өз тәжірибеммен бөліскім келеді. Мұнда олар сапалы білім алып қана қоймай, маңызды әлеуметтік дағдыларға да үйренеді. Мектепте түрлі үйірмелер мен іс-шаралар ұйымдастырылады, бұл оқуды қызықты ете түседі. Олар мектеп конкурстарына жиі бару арқылы қарым-қатынас шеңберін кеңейтеді. Менің балам тек оқушы ретінде ғана емес, жеке тұлға ретінде де өсіп келе жатқанын көремін. Жекеменшік және мемлекеттік мектептерді салыстыра отырып, бәрі баланың қалауына байланысты деп айта аламын. Ең бастысы, біздің балаға деген тәрбиеміз, қолдауымыз және сүйіспеншілігіміз. 
Жекеменшік және мемлекеттік мектеп арасындағы таңдау баланың болашағына әсер ететін маңызды шешім болып табылады. Оқушылардың оқудағы жетістік тек мектепке ғана емес, ата - аналардың қолдауына да байланысты», - дейді ол.

Жекеменшік мектептер болсын, мемлекеттік мектептер болсын, сапалы білім бере алады. Бірақ бұл процесте ата-аналардың баласына қолдау көрсетуі маңызды. Сайып келгенде, оқудағы жетістік пен тұлғалық даму отбасы мен білім беру мекемесінің бірлескен жұмысына байланысты.