Президенттік олимпиада жеңімпаздарына білім гранты табысталды
Жаратылыстану-математика циклі пәндері бойынша XVI Президенттік олимпиаданың республикалық кезеңі аяқталды, деп хабарлады Elorda.info.
Қазақстанның барлық өңірлерінен келген 198 оқушы өзара үздікті анықтады.
Президенттік олимпиада – еліміздің дарынды оқушыларын анықтауға көмектесетін және олардың әлеуетін іске асыруға қолдау көрсететін бірегей жоба. Олимпиаданың басты идеясы – патриоттық рухты, мықты, интеллектуалды, жоғары білімді қазақстандық оқушыларды тәрбиелеу, жаратылыстану-математика ғылымдарын тереңдетіп оқыту. Олимпиада өткізілген 16 жыл ішінде 2 500-ге жуық оқушыға өмірлік ұстаным, бағыт-бағдар айқындап берді. Сайыстың көптеген жеңімпаздары мен жүлдегерлері университеттерде оқуын аяқтағаннан кейін еліміздің әртүрлі салаларында еңбек етіп, еліміздің дамуына үлес қосып жүр, - деді «Дарын» РҒПО директоры Ғаждембек Тұрсынов.
Олимпиада қорытындысы бойынша 10 жеңімпаз Оқу-ағарту министрлігінің I дәрежелі дипломдары және алтын медальдарымен, 15 жүлдегер II дәрежелі дипломдары мен күміс медальдарымен және 27 қатысушы III дәрежелі дипломдары және қола медальдармен марапатталды.
20 жеңімпазға оқуға білім беру гранттары табысталды: Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті – 10, «Тұран» университеті – 3, Alikhan Bokeikhan University – 5, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті – 2.
Сонымен қатар, академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті олимпиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлері аталған оқу орнына түскен жағдайда арнайы шәкіртақы тағайындайтынын хабарлады.