Министр оқушылар арасындағы пікірсайыс турнирінің жеңімпаздарын марапаттады
Астанада оқушылар арасындағы республикалық пікірсайыс турнирі өтті. Биылғы турнирге қалалық және облыстық кезеңдерде жеңімпаз атанған 180 оқушы қатысты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Әр өңірден қазақ, ағылшын, орыс лигалары бойынша 9 адам жолдама алды. Турнир пікірсайыстың Дүниежүзілік мектеп форматы (WSDC) бойынша өтті. Қатысушылар іріктеу және қорытынды ойындарда бақ сынасты.
Министр Ғани Бейсембаев көшбасшылық қабілет пен сыни ойлауды қалыптастыруда пікірсайыстың алатын орны ерекше екенін атап өтті. Оның айтуынша, жыл сайын дебаттық қозғалыстарға қызығушылық білдіретін балалардың саны да артып келеді. Биыл өңірлік кезеңге 81 мыңнан астам оқушы қатысты, бұл өткен жылғы қатысушылар санынан 30 мыңға артық.
«Пікірсайыс – тек жарыс алаңы ғана емес, бұл өз ойын еркін білдірудің, пікір алмасудың тамаша құралы. Сіздер өз білімдеріңізді дәлелдеп қана қоймай, сондай-ақ командада жұмыс істеу, өзгелердің пікіріне құлақ салу, мәмілеге келу секілді өмірлік маңызды дағдыларды меңгердіңіздер. Сіздерді құттықтай отырып, осы алаңда алған тәжірибелеріңіз алдағы уақытта биік мақсатқа ұмтылуларыңыздың алғышарты болсын деп тілеймін», - деп атап өтті министр.
Екі күнге созылған байқау нәтижесінде ІІІ орынға Ақтөбе, Қарағанды облыстары табан тіреді.
ІІ орынды Алматы облысы, Шымкент және Алматы қалалары бөлісті.
Ал І орынға Астана, Алматы қалалары мен Қарағанды облысы лайық деп танылды.
«Үздік спикер» номинациясы: Алихан Айтбаев – Астана қ., Аяжан Олжагелді – Қарағанды облысы, Дана Айтқалиева – Абай облысы.
«Үздік оратор» номинациясы: Жібек Мелс – Алматы қ., Софья Малышева – Павлодар облысы, Камшат Еркінбек – Жетісу облысы.
Қазіргі уақытта елімізде 7 684 пікірсайыс клубы жұмыс істейді, оның 6 963-і – мектеп клубтары.