«Әкелер одағы» мектептердегі тәрбие жұмысына белсенді атсалысып жатыр


2024 жылдың желтоқсан айында Одақ мүшелері «100 әке – 1000 бала» деген бастаманы қолға алып, мектеп ауласын қардан тазалап, басқа қар көп жауатын өңірдің әкелерін де шараға қатысуға шақырды. Сондай-ақ әкелер білім ордаларында сынып сағаттарын өткізіп жүр. Бұл туралы «Әкелер одағы» РҚБ Астана қаласы филиалының төрағасы Бекдайыр Күзембай ОКҚ алаңында өткен дөңгелек үстелде мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Оның айтуынша, бұл керемет мүмкіндік, осындай шаралар арқылы әкелер өз балаларын басқа қырынан тани бастады.
«Жақында елордадағы «Алматы» ауданының әкелері жиналып балаларымен бірге волейбол турнирін өткізді, оны «Сарыарқа» ауданының әкелеріне челлендж ретінде жолдадық. Осылайша әкелер өз үлгісімен баланы спортқа тартып, бос уақытты тиімді ұйымдастыруды көрсетті. Тағы бір мысал: өткен жылы бір ана Астана қаласы әкімдігі жанындағы жасөспірім балалар құқығын қорғау комиссиясына жүгініп, көмек сұрады. Біз оның жағдайын зерделеп, мемлекеттік бағдарлама арқылы оны оқуға жібердік. Ол грант жеңіп алып, кәсіби білім алды. Қазір ол өзінің перде салонын ашуға дайындалып жатыр. Бұл – мемлекеттік органдар, бизнес және қоғамдық ұйымдардың бірлесе жұмыс істеуі нақты адамдардың өмірін қалай өзгерте алатындығының айқын дәлелі», - деді Бекдайыр Күзембай.
Айта кетейік, «Әкелер одағы» балалардың құқықтарын қорғау, жасөспірімдерді әлеуметтендіру, әкелердің отбасы тәрбиесіндегі рөлін күшейту бағытында мектеп, колледж, мемлекеттік құрылымдармен бірлесіп жұмыс істеуді жалғастырмақ.



