Елордадағы мектеп-лицейде атаулы аудитория ашылды
Білім күні Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №48 мектеп-лицейде «Жүрегіне шәкірт аты жазылған» атты атаулы аудиторияның ашылу салтанаты өтті, деп хабарлады Elorda.info.
Іс-шараға аудиторияға есімі берілген ұстаз, «Құрмет белгісі» орденінің иегері Алтынгүл Момынқұлова арнайы қонақ ретінде шақырылды. Сондай-ақ Л.Гумилев атындағы ЕҰУ «Қазақ тіл білімі» кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы Бекжан Әбдуәлиұлы, Астана қаласы «Әдістемелік орталығының» басшысы Сындар Дауешова, осы орталықтың әдіскері Күнімбала Баяхметбаева қатысты.
Өткен оқу жылының аяғында педагогикалық кеңесте саналы ғұмырын ұрпаққа білім беруге арнаған ардақты ұстаз Алтынгүл Момынқұлованың атына осындай аудиторияны беруді ұйғардық. Ұстаз атаулы өз ғұмырында ағарту саласына өлшеусіз еңбек сіңіреді. Оларды құрметтеу, дәріптеу әрбір азаматтың парызы деп санаймын. Ұстазы туралы айтқанда әрбір шәкірттің жүрегі тебіреніске толы болатын болса, мұғалімнің еңбегінің ең үлкен бағасы да сол болар. Осы аудиторияны ашу арқылы да мектеп оқушыларының Алтынгүл Момынқұлованың ұстаздық жолы, кәсіби шеберлігі жайлы мол мағлұмат алуына жол ашпақпыз, - деді Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №48 мектеп-лицейі директоры Ғани Әметбеков.
Оның айтуынша, бұл аудитория, оқушылардың оқу-білімге деген құштарлығын арттырады.
Бізге әрбір мұғалім белгілі бір технологиямен жұмыс жасау керек деп тапсырма берілген кезде Алтынгүл Момысқызының сындарлы оқыту стратегиясы технологиясын сабақта пайдаландық. Міне, Ахмет Байтұрсынов атамыздың атындағы киелі мектепте оқитын оқушылардың да ұстаздың сол технологиясы арқылы кітапты көп оқуға, соның ішінде сыни ойлауға үйренетіні қуантады, - деді Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталығының» басшысы Сындар Дәуешова.
Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталығы» әдіскері Күнімбала Баяхметбаева да ұстаздың бірегей технологиясы білім беру жүйесінде таптырмас әдіс екенін айтып өтті. Сонымен қатар Алтынгүл Момысқызына «Ұлы даланың көне сарындары», «Ұлы даладағы блюз» кітаптарын сыйға тартты.
Құттықтау сөздерден кейін Л.Гумилев атындағы ЕҰУ «Қазақ тіл білімі» кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы Бекжан Әбдуәлиұлы мен Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталығының» әдіскері Күнімбала Баяхметбаева аудиторияның лентасын қию рәсімін жасады. Бұдан кейін көпшілік ұстаздың шығармашылығы қойылған әдебиет пәні сыныбымен танысты.