Елордада Қожа Ахмет Ясауи мұраларына арналған конференция өтті
Елордада Қожа Ахмет Ясауи мұраларына арналған конференция өтті
Ұйымдастырушылардың айтуынша, конференцияның мақсаты Қожа Ахмет Яссауи салған сара жолды өскелең ұрпаққа жеткізу, хикметтеріндегі даналық ойлардың тәрбиелік мәнін түсіндіру. Сонымен ұлттық құндылықтарды бала бойына дарытудағы педагогтердің тәжірибесін тарату мен Өзбекәлі Жәнібековтың Ясауи мұрасын жандандырудағы еңбегін таныстыру болды.
Ауқымды іс-шара аясында әуелі мектептегі Өзбекәлі Жәнібек атындағы мұражай ашылды. Мұражайдың лентасын Өзбекәлі Жәнібековтың ұлы Ниетжан Өзбекәліұлы мен ҚР Оқу-ағарту министрлігінің орта білім беру комитеті төрағасы Жомарт Карамбаев қиды. Жиынға қатысқан Қорқыт Ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік Университеті саяси ғылымдарының докторы Бәкір Әбдіжалел мен қоғам қайраткері Амангелді Садырбеков еліне өлшеусіз еңбек сіңірген мемлекет қайраткері, төл мұрамыздың төрт құбыласын түгендеуші тұлға туралы естеліктерін айтты.
Конференцияға көршілес Қырғызстан, Өзбекстан елдерімен қатар республиканың түкпір-түкпірінен келген 450 жетекші ғалымдар мен педагогтар қатысты. Ғылыми шараны ҚР Оқу-ағарту министрлігінің орта білім беру комитеті төрағасы Жомарт Карамбаев құттықтау сөзбен ашты.
Бүгін, міне, Өзбекәлі Жәнібековтың мұражайы ашылды. Оның Ясауи мұрасын жандандыруға жасаған еңбегі өте зор. Сондықтан бұл өсіп келе жатқан жас ұрпаққа жақсы үлгі. Әрбір мемлекеттің өсіп-өркендеуіне білім беру сапасы мен ғылымның қосар үлесі айрықша екені барлығымызға мәлім. Сондықтан бүгін еліміздің жетекші ғалымдары мен белгілі педагогтері бас қосып, ұлы ойшылымыздың даналық ұстанымдарын білім мен тәрбие беруге ұштастырып қарауды мақсат тұтқан конференция жұмысы нәтижелі болады деп сенемін. Ойшыл, ақын, ұстаз, ағартушы, діни қайраткер Қожа Ахмет Ясауи туралы деректер мен оның шығармашылығы туралы орта білім беру ұйымдарында оқыту қарастырылған. Біздің елімізде Қожа Ахмет Ясауи атындағы 9 мектеп бар. Бұл мектептерде әр түрлі іс-шаралар өтуде. Онда мұражайлар мен кітапханалар жұмыс істейді. Сонымен қатар, осы оқу жылына арналған әдістемелік нұсқаулықта ағымдағы жылы өткізілетін мерейтойлық-күнтізбелік күндер шеңберінде Қожа Ахмет Ясауидің туғанына 930 жыл толуына орай сыныптан тыс жұмыстар мен тәрбиелік іс-шараларды ұйымдастыру енгізіліп отыр. Сондай-ақ тарихи тұлғаның атындағы халықаралық олимпиада өткізіледі, - деді Жомарт Карамбаев.
Бұдан соң Өзбекәлі Жәнібеков атындағы №11 мектеп-лицейінің директоры Бауыржан Әубәкіров конференция жұмысына толғай табыс тіледі. Ол Қожа Ахмет Ясауи тақырыбына арналған ғылыми конференцияның Астанада алғашқы рет өткізіліп жатқанын, ал ауқымды іс-шараның келесі кезеңі 29 наурызда Түркістан қаласында өтетінін айтты.
Іс-шара әрі қарай пленарлық және секциялық отырыс негізінде жалғасты. Ғылыми жиында Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Ясауитану ғылыми-зерттеу институты директоры, Нұрлан Мансұров, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Болат Қорғанбеков бастаған белгілі ғалымдар Ясауи мұралары туралы тұщынып тыңдар баяндамалар жасады.