ЕҰУ «Келешек» жүйесіне қатысушыларды оқытуға 70%-ға дейін жеңілдік береді

28 қаңтар, 2025
Олжас Сүлейменов Олжас Сүлейменов
ЕҰУ «Келешек» жүйесіне қатысушыларды оқытуға 70%-ға дейін жеңілдік береді
Фото: Оңалхан Өнерхан

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен мемлекеттік жинақтаушы білім беру жүйесі саласындағы оператор – «Қаржы орталығы» АҚ арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Осы келісім шеңберінде университет «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтаушы жүйесінің қатысушыларына оқуға 70%-ға дейін жеңілдіктер береді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Л.Гумилев атындағы ЕҰУ – «Келешек» мемлекеттік ерікті жинақтау жүйесінің бастамасын қолдаған Қазақстанның алғашқы ұлттық жоғары оқу орындарының бірі. Мемлекет басшысының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмасын іске асыру мақсатында әзірленген жаңа жүйе балаларына сапалы білім алуды жоспарлап отырған отбасылар үшін айтарлықтай мүмкіндіктер береді.

Келісімге басқарма төрағасы-университет ректоры Ерлан Сыдықов және «Қаржы орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Асқар Ибраимов қол қойды.

Осы тетікке сәйкес, бала 5 жасқа толған кезде мемлекет бастапқы білім беру капиталын 60 АЕК (2025 жылы бұл 235 920 теңге) көлемінде, ал жетім балалар үшін 120 АЕК (471 840 теңге) көлемінде бастапқы білім беру капиталын бөледі, сондай-ақ жыл сайын 5-7% мөлшерінде мемлекеттік сыйлықақы және қатысушыға банктің сыйақысы немесе өмірді сақтандыру компаниясынан инвестициялық сыйақы төленетін болады.

Сонымен қатар «Келешек» жүйесіне қатысушылар, соның ішінде өтініш берушілер:

• жетім балаларға немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандарға оқу ақысына 50% жеңілдік беріледі;

• мүмкіндігі шектеулі жандарға 30%-ға дейін жеңілдік беріледі;

• көпбалалы отбасыларға 30%-ға дейін жеңілдік беріледі;

• аз қамтылған отбасыларға 20% жеңілдік беріледі;

• басқа санаттар Студенттер үйінде (жатақханада) оқудың барлық кезеңінде тегін тұртын болады.

Л.Гумилев атындағы ЕҰУ кафедраларымен бірлесіп оқу кезінде (9-11 сыныптар) ғылыми-зерттеу қызметімен айналысатын талапкерлерге ерекше назар аударылады, оларға 70%-ға дейін жеңілдік беріледі. Бұл қолдау бүгінгі күні ғылым мен білімнің дамуына өз үлесін қосып келе жатқандарға кең мүмкіндіктер ашуға, ерте жастан бастап ғылыми білімді ынталандыруға және білімге деген құштарлықты оятуға бағытталған.

Серіктестік аясында тараптар қаржылық қолжетімділікті арттыруға, дарынды студенттерді қолдауға және инновациялық білім беру жобаларын жүзеге асыруға бағытталған ынтымақтастықты нығайтуды жоспарлап отыр.