Балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 95%-ға артады – министрлік


Қазақстанда мектепке дейінгі білім беру жүйесі қарқынды дамып келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес балабақшаларды іске қосу бойынша 2023-2027 жылдарға арналған қадамдық жоспары бекітілді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
2025 жылы кезекте тұрған 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды сапалы мектепке дейінгі біліммен және тәрбиемен қамтуды 95%-ға арттыру жоспарланып отыр. Осы мақсатта жаңадан 64 мың орын ашылады, жыл басынан бері 1,6 мың орындық 20 мектепке дейінгі ұйым қолданысқа берілді.
Мектепке дейінгі білім берумен қамтуды арттыру жұмыс жасап тұрған балабақшаларды салу, реконструкциялау, жаңғырту, шағын орталықтар санын арттыру, сондай-ақ мемлекеттік тапсырысты ваучерлік қаржыландыру арқылы енгізу есебінен жүргізіледі.
«Ваучерлік қаржыландыру жүйесі іске қосылған сәттен бастап ата-аналарға 99 мың ваучер берілді, бұл олар үшін балабақшаны өз бетінше таңдау мүмкіндігі. Мемлекеттік қаражаттың белгілі бір ұйымға емес, нақты балаға бағытталып жұмсалуы – қаржыландыру механизмін жариялы етеді. Пилоттық жобаға Тараз, Түркістан, Шымкент, Орал және Астана қалалары қатысуда. Өңірлердің дайындығына қарай бағдарлама кеңейтілетін болады», - дейді Оқу-ағарту министрлігінің Мектепке дейінгі білім департаментінің директоры Манар Адамова.
Жалпы, 2027 жылға дейін кешенді жоспар шеңберінде мектепке дейінгі ұйымдарда жаңадан 300 мың орын қолданысқа беру жоспарлануда. Бүгінгі таңда Қазақстанда 11,6 мың балабақшаға 1 миллионға жуық бала барады.



