Қазақстандық оқушылар Пекинде өткен жасанды интеллект олимпиадасында рекорд орнатты

8 тамыз, 2025
Айман Нығмет Айман Нығмет
Қазақстандық оқушылар Пекинде өткен жасанды интеллект олимпиадасында рекорд орнатты
фото: Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі

Қазақстан құрамасы мектеп оқушыларына арналған Халықаралық жасанды интеллект олимпиадасында (IOAI 2025) ең үздік нәтижелердің бірін көрсетіп, 3 алтын, 1 күміс және 3 қола медаль жеңіп алды. Бұл дода оқушылардың жасанды интеллект мен техникалық білім саласындағы дайындық деңгейін көрсетті, деп хабарлады Elordainfo.kz Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне сілтеме жасап.

Олимпиада 2–9 тамыз аралығында Бейжіңде өтіп, 61 елден келген 77 команданы жинады. Қазақстан атынан оған екі команда қатысып, құрама үздіктер қатарынан танылды.

Осылайша Қасымқан Жәнібек, Әбу Қанабек және Сұлтанби Исатай алтын медальиегерлері атанса, күміс медальді Аушахман Тәлім жеңіп алды. Ал қола медаль Тимур Шакуов, Дәужан Бекетов пен Сұлтанбек Сарыға бұйырды.

Сондай-ақ, зияткерлік қозғалысты дамытуға қосқан үлесі және команданы қолдағаны үшін IOAI ұйымдастыру комитетінің алғыс хатымен Батыр Ерденов марапатталды.

Алтын медаль саны бойынша бейресми есепте Қазақстан 3 алтынмен Польша, Үндістан және Вьетнаммен екінші орынды бөлісті. Бірінші орынды Ресей командасы (6 алтын медаль) иеленді. Сонымен қатар үздік ондыққа Сингапур (2 алтын), Румыния, Жапония, Швеция және Гонконг-Қытай (әрқайсысы 1 алтын) кірді.

Байқау бағдарламасынан бөлек, олимпиада аясында әлемнің жетекші сарапшыларының дәрістері, этикалық пікірталастар, мәдени және білім беру іс-шаралары ұйымдастырылады. Жарыстың мақсаты – жастар арасында жасанды интеллектті насихаттау.

Қазақстан құрамасының бас серіктесі – елдің технологиялық прогресі мен AI-таланттарының қозғаушы күші болып табылатын Astana Hub халықаралық инновациялық кластері атанды.

Astana Hub команда дайындығына елеулі үлес қосып, ұлттық құраманың әлемдік аренадағы қатысуына қолдау көрсетті және Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы жаңа орталық ретінде беделін нығайтты.

Қазақстан құрамасының бұл жетістігі IT-білім берудің жоғары деңгейін және оқушылардың озық технологияларға деген қызығушылығын дәлелдейді. IOAI 2025 олимпиадасындағы жеңіс – бұл тәлімгерлердің жүйелі еңбегінің, білім беру бастамаларын қолдаудың және жасанды интеллекттің болашағын бүгіннен бастап қалыптастыруға дайын жас мамандар қатарын арттырудың нәтижесі болып отыр.