Ауыл балаларына арналған олимпиада басталды


Елімізде IQanat Олимпиадасының ІІ туры басталды, ол еліміздің барлық өңірінде 15-31 наурыз аралығында өтеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Оған ауыл мектептерінің 10 мың сегізінші сынып оқушысы қатысып жатыр. Олар – 50 мың бала қатысқан бірінші кезеңнен үздік шыққандар.
Балалардың 70%-дан астамы көпбалалы және толық емес отбасынан шыққан, ал оқушылардың 17 пайызының ата-анасының тек біреуі ғана жұмыс істейді. Сондықтан, олар үшін Jлимпиадаға қатысу – үлкен мүмкіндік. Өйткені ІІ турға өткен оқушылар үздік ЖОО-на түсуге жол ашатын мүмкіндіктерге таласады. Атап айтқанда: 1)Бурабайбағы IQanat мектеп-пансионатында тегін оқу. 2)Олимпиададан кейінші үш жылдық қолдау бағдарламасына қатысу.
Бұл жоба кәсіби бағдарлауды, ҰБТ-ға дайындықты, ағылшын тілін меңгеруді, ІТ дағдыларды дамытуды және басқаларды қамтиды.
Осы жылдың басты ерекшелігі – Peer-to-Peer жобасы. IQanat Олимпиадасы білім байқауы ғана емес, енді білім берудегі тәлімгерлік алаңына айналып, жаңа мазмұнға ие болды. Енді жоғары сынып оқушылары мен IQanat түлектері төменгі сынып оқушыларына тәлімгер (тьютор) болып, олардың мектеп бағдарламасы бойынша жетіспей жатқан білімдерін көтеруге көмектеседі.
Бұл бастама – жобаның Giving Back (Жақсылықты қайтару) философиясының логикалық жалғасы. IQanat – әлеуметтік-білім беру жобасы, оған бүгінде қазақстандық 200-ден астам кәсіпкер қолдау көрсетеді. Олардың әрбірі бір өңірді қамқорлығына алып, осы облыс не аудандағы ауыл оқушыларының дамуына өз үлесін қосады. Бұл жобаға қатысқан балалар мектепті бітірген соң университетке түсіп, өз жолын жалғастырады. Бірақ, жобаның келесі буындарын оқыту арқылы жақсылықты қайтарады. Яғни, сабақтастық келесі үлгіде жүзеге асады: кәсіпкерлер балаларға көмектеседі, ал білім алған жоғары сынып оқушылары мен түлектер жобаға жаңадан қосылған (8-сынып) оқушыларға жәрдем береді.
300 тәлімгер бір айдан астам уақыттан бері онлайн сабақ беріп келсе, енді оимпиада уақытында өз өңірлеріне барып, 6000-нан астам балаға офлайн сабақ береді. Тьюторлардың арасында SAT халықаралық емтиханында 1460 балл жинап, IELTS емтиханын 7.0 нәтижемен тапсырған IQanat мектебінің үздік 11-сынып оқушыларының бірі Жансар Садриев те бар.
«Мен тәлімгер ретінде олимпиада уақытында өзім туып-өскен Солтүстік Қазақстан облысына барып, балаларды оқыту туралы шешім қабылдадым. Мұнда мен оларға математика пәнінен көмектесемін. Мен өз білімім мен тәжірибемді іні-қарындастарыммен бөлісіп, жобаның дамуына үлесімді қосқым келеді», - деді Жансар.
Айта кетейік, жобаның тиімділігіне нақты көрсеткіштер дәлел: түлектердің 94%-ы Қазақстан мен шетелдің жетекші университеттеріне грант негізінде оқуға түсуде, қазір ауыл балалары әлемнің 17 елінде білім алып жатыр.