00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Ауыл оқушыларына арналған олимпиадаға тіркелу басталды

31 наурыз, 2023
Сабина Кәкімжан Сабина Кәкімжан
Ауыл оқушыларына арналған олимпиадаға тіркелу басталды

Елімізде ауыл оқушыларына арналған «Мың бала» ұлттық зияткерлік олимпиадасына тіркелу басталды, деп хабарлады Elorda.info.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, бұған қатысу үшін өтінімдер 30 наурызға дейін қабылданады. Ал тестілеу онлайн-форматта өткізіледі. Облыстар бойынша ең жоғары қорытынды балл алған 5 мың оқушы олимпиаданың екінші кезеңінен өтеді.

II кезең 2023 жылғы сәуір айының 26 мен 28 аралығында өңірлік тестілеу орталықтарында күндізгі форматта өтеді. Қатысушылар II кезеңде математикалық сауаттылық, қазақ тілі (қазақ тілінде оқитын оқушылар үшін), орыс тілі (орыс тілінде оқитын оқушылар үшін), ағылшын тілі және жаратылыстану пәндері бойынша білімдерін бағалауға бағытталған компьютерлік тестілеуден өту қажет. Ауыл мектептерінің 6-сыныбының 500 оқушысы – өткен жылғы (2022 жыл) олимпиада финалистері осы жылғы олимпиаданың екінші кезеңіне автоматты түрде өтеді, - деді «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы директорының ұйымдастыру қызметі жөніндегі орынбасары Нұрлан Жұмагелді.

Аталмыш олимпиада ауылдық жерлерде оқитын 6-сыныптың ең қабілетті 1000 оқушысына еліміздегі Республикалық физика-математика мектептерінде, «Білім-Инновация» лицейлерінде, «Дарын» мамандандырылған мектептерінде білім алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ олимпиаданың бес мың финалисі Birge oqý онлайн-мектебінде тегін оқи алады.

 1-кезеңде онлайн форматта логикалық сұрақтар беріледі. Олар мектептің бағдарламасында жоқ. Тіпті ғаламтордан көшіріп алу да мүмкін емес. Бұл кезең онлайн форматта болатындықтан сұрақтар солай құрастырылған. Бастысы, баланың тест сұрақтарына ересектердің көмегінсіз өзі жауап бергені дұрыс, - деді «Мың бала» ұлттық зияткерлік олимпиадасының үйлестірушісі Айжан Аршабаева.

Тағы бір айта кетерлігі, қатысушыларға олимпиаданың I және II кезеңдеріне дайындалуға арналған тест тапсырмалар үлгілері 100bala.elumiti.kz сайтында жарияланған.

Айта кетейік, бұл олимпиадаға елімізде соңғы үш жылда ауыл мектептерінен 590 мыңнан астам оқушы қатысты. Осы уақыт аралығында 3 мың оқушы жеңімпаз атанса, 960-ы  дарынды балаларға арналған мектептерге қабылданды.