00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

«WorldSkills Kazakhstan 2022» VII Республикалық кәсіби шеберлік чемпионатының қорытындысы шықты

31 наурыз, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
«WorldSkills Kazakhstan 2022» VII Республикалық кәсіби шеберлік чемпионатының қорытындысы шықты

110 колледж студенті мен жас маман 30 құзырет бойынша жеңімпаз атанды. Олар 34 алтын, 38 күміс және 38 қола медаль жеңіп алды. Чемпионаттың тағы 144 қатысушысы үздік медальдармен марапатталды, деп хабарлады Elorda.info Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жеңімпаздар еліміздегі ірі кәсіпорындардан жұмысқа шақырту алады және келесі жылы WorldSkills Europe чемпионатына қатысу үшін ұлттық құрамаға кіру мүмкіндігіне ие болады.

«Бүгін біз 30 номинация бойынша жеңіске жеткен үздік студенттерді, колледж түлектерін марапаттадық. Сіздер аймақтық іріктеу кезеңінен сәтті өтіп, республикалық байқауда жеңіске жеттіңіздер және өз шеберліктеріңізді көрсеттіңіз. Жастар арасында WorldSkills қозғалысы танымал болып келе жатқаны қуантады. Сіздерге халықаралық жарыстарда жаңа жеңістер тілеймін»,-деді «WorldSkills Kazakhstan 2022» жарысының жабылу салтанатында Оқу-ағарту вице-министрі Ғани Бейсембаев.

Айта кетейік, VII республикалық чемпионатқа еліміздің барлық өңірінен 500–ден астам WorldSkills өңірлік кезеңдерінің жеңімпаздары қатысты. Олар 30 негізгі құзыреттілік бойынша жарысты.

Оның ішінде электрмонтаждау жұмыстары, аспаздық және мейрамхана ісі, бизнеске арналған IT-шешімдер, web-технологиялар, мобильді робототехника, мехатроника, прототиптеу және басқа да құзыреттіліктер бар.

Сондай-ақ, салтанатты шарада WorldSkills әлем чемпионаттарында еліміздің намысын абыроймен қорғап жүрген Дина Афанасьева «Best of National» медалімен марапатталды. Ол осы жылдың қазан айында Кореяда өткен «WorldSkills Competition-2022» сайысында «Веб-технология» құзыреттілігі бойынша қола жүлдеге ие болды. Сондай-ақ WorldSkills Europe (WSOPE) жарысында жүлде алған алғашқы қазақстандық. Дина өткен жылы Еуропа чемпионатында қола медаль жеңіп алды.

Еске сала кетейік, «WorldSkills Kazakhstan 2022» республикалық чемпионаты 7-9 желтоқсан аралығында «EXPO» халықаралық көрме орталығы мен Астана қаласының колледждері алаңында өтті.

Жарысқа қатысқан колледж және ЖОО студенттерінің, сондай-ақ кәсіпорындардың жас мамандарының жұмысын 500-ден астам сарапшы бағалады.

WorldSkills халықаралық қозғалысы жұмысшы мамандықтардың беделін арттыруға және танымал етуге бағытталған жоба. Сонымен қатар сайыс білікті кадрларды даярлауда жаңа трендтер туғызатынын да атап өткен жөн.

Жарысқа әлемнің 60-тан астам мемлекеті қатысады. Қазақстан – WorldSkills International (WSI), WorldSkills Europe (WSE) қауымдастықтарының тең құқылы мүшесі.