«Біз қазір робот секілді болып кеттік» – президент
«7-сыныптан бастап біз қоғамға пайдамызды тигізуге тырысамыз. Мысалы, волонтерлік істермен түрлі қоғамдық ұйымдарға, балалар үйіне, қарттар үйіне көмектескенбіз» дейді ол.
«10-сыныпта мектеп президенті болдым. Бұл – үлкен жауапкершілік. Президент болғандықтан барлық жағынан үлгі болу арқылы дамып отыру керек. Президент болған кезде онлайн режимге ауыстық. Сол уақытта психологиялық тұрғыдан көптеген жоба ұсындым. Соның бірі – оқушылар мен мұғалімдерге психологиялық тұрғыдан қолдау көрсету жобасы. Яғни кез келген оқушы электронды поштаға өзінің сауалын жібереді. Мәселен, «осы айда мен … оқиға үшін өзімді жайсыз сезіндім, көңіл күйім болмады» деген сынды хаттар жазып отырды. Соған сай қалалық, республикалық психологтармен бірлесіп, оқушыға жауап беріп отырдық. Жоба мектеп оқушылары үшін пайдалы болды деп ойлаймын».
Жания Кеңес «Media Club» ұйымына 7-сыныптан бастап қатысады және қазір жетекшісі болып тағайындалды. Бұл ұйымда балалар мектеп жаңалықтарын радиода жүргізумен қатар, түрлі тақырыпта қонақтармен сұхбат ұйымдастырады. «Мектепте шығармашылыққа көп көңіл бөлінген. Осы ұйым арқылы оқушылардың коммуникация дағдысының дұрыс қалыптасуына және актерлік шеберлігін шыңдауына көмектесеміз» дейді ол.
«Тек қана сабақ оқу адамды дамытпайды. Сол үшін өзің қызыққан салада кітап оқыған дұрыс деп ойлаймын. Мәселен, маған кітап оқыған соң түрлі идеялар келеді. Негізі, классикалық жанрды жақсы көремін. Сүйікті авторларым ретінде Джейн Остин, Фрэнсис Фицджеральд, Маргарет Митчеллді атар едім. Атамның жеке кітапхана қоры бар. Кітапқа қызығушылығым да содан басталды деп ойлаймын.
Бос уақытымда сурет салумен қатар, фортепианода ойнаймын. Әкем мен анам кішкентай кезімнен түрлі үйірмелерге қатыстырды. Биге, каратэге, шахматқа қатыстым. Шахматтан ІІІ разрядым бар. Ал қазір өзімнің нақты қай іске қызығатынымды анықтадым. Қазір бимен, қытай тілімен және дизайнмен айналысамын. Екі апта бұрын Parsons School of Design университетінен бір жылдық 75 пайыз грант берді. Себебі өзім осы дизайн саласына қызығатындықтан, қатты қуандым. Онлайн режим болғандықтан, сабақтар енді басталады. Ал қытай тілінің ІV деңгейін бітірген соң Қытайға тегін оқу ұсынылады. Қазір мен сол деңгейді оқып жатырмын. Жалпы, болашағымды экономикамен байланыстырғым келеді.
Ең алдымен, кез келген қызыққан нәрсеге талпыныс керек. Уақыт – құнды байлық. Сол үшін тек оқуға, дамуға ғана уақыт бөлген дұрыс. Ал ортаны таңдаудан қателеспеу керек. Себебі адамның дамуына достары, ортасы өте қатты әсер етеді. Біз қазір робот секілді болып бара жатқанымызды көп байқаймын. Өйткені сезімдерімізді, махаббатымызды көрсетуге асықпаймыз. Кейде үлгермей де қаламыз. Өмір өте қысқа. «Жақсы көремін» деп жиі айту керек. Бақытты болу үшін әрбір сәтті бағалау мен бір ауыз жылы сөз жетеді».
Айзада Жайыққызы