Төлеген Мұхамеджанов: Астананың рухы, жаны – оның адамдары
Отанымыздың жүрегі Астанаға биыл – 25 жыл! Елорданың қалыптасуына үлес қосып, астананың тұсаукесерін өткізудің басы-қасында жүрген, қазақ музыка өнерінде өзінің ерекше қолтаңбасы бар талантты композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Астана қаласының құрметті азаматы Төлеген МҰХАМЕДЖАНОВПЕН арнайы жолығып, сұхбаттасқан едік.
Өнерге жанкештілік қажет
– Төлеген Мұхамеджанұлы, сіз Астана қаласы әкімінің орынбасары болып тұрған кезіңізде талай игі бастамаға мұрындық болдыңыз. Жаңадан жапырақ жайған жас қаланың мәдениетін түлетуге қандай қадамдар жасалды, елорда мәдениетінің кешегі тыныс-тіршілігі мен бүгіні туралы қандай оқиғаларды атап айтар едіңіз? Ақмолаға келген алғашқы әсеріңізбен бөліссеңіз.
Еліміздің астанасына 1998 жылы 5 қаңтарда келдім. Алдымен қала әкімі Әділбек Жақсыбековпен жүздесіп, алдағы жұмыс жоспарымен таныстым. Әділбек Рыскелдіұлы «Президенттің арнайы шақыруымен келдіңіз, іске сәт, қош келіпсіз!» деп кандидатурамды қолдайтынын білдірді, сосын отырып өтініш жаздым. Қала енді астана болып жатқан қым-қуыт кезең, шаруа деген бастан асады, оның жылдамдығына ілесу де оңай болған жоқ. Әлі жеке кабинетім жоқ, бір бөлмеде өтініш жазып отырсам, маған тұрғындар қабылдауыма келгенін хабарлады. 3 әйел адам кірді. Оның бірі Айман Мұсақожаева еді. Қабылдауыма келген жандардың өтініш-тілегін тыңдай отырып, жылдам шешім, жедел қадам жасау қажет болды. Айманның идеясы жаңа астанада музыка академиясын ашу еді. Ұсынысты қала әкімдігі қолдап, Үкімет тиісті қадам жасап, нәтижесінде музыка академиясы ашылды. Қазір ол Қазақ ұлттық өнер университетіне айналды. Сол қаңтар айында Президент Әкімшілігінде алдағы 10 маусымдағы астананың халықаралық тұсаукесеріне байланысты жиын өтіп, дайындық жұмысы сөз болды. Әрине, оны ұйымдастыру қала әкімдігіне жүктелгендіктен, бұл үлкен жауапкершілік екенін түсіндік.
Ол кезде қала әкімінің орынбасары лауазымында жұмыс істеп жатырмын. Бұл сол кездегі қиындықтармен басталған біздің жанкешті еңбегімізді, таңның атысынан күннің батысына дейін қаланы қалайда көркейту, мәдени ошақтарды ашуға ұмтылған жұмысымызды көрсетеді. Қазір барлық жағдай бар, отыр да, жұмысыңды істей бер – көрдіңіз бе, бұрынғы мен қазіргіні тіпті салыстыруға келмейді, осындай қиын сәттерден жұдырықтай жұмыла жұмыс істеу арқылы абыроймен шықтық. Ауыртпашылығы мен жауапкершілігі зор жүкті абыроймен атқаруға тырыстық. Таза өнер адамы болғандықтан, оған дейін мен лауазымды қызметте болған емеспін, бірақ астананың мәдениетін көтеруге ел басшысының таңдауымен келдім. Шенеунік болу оңай емес, күніне пәленбай қағаз алдыңа келеді, жас қаланың қаншама өзекті проблемасы алдыңнан өтеді. Әрбір құжаттың мұқият қаралып, дұрыс шешім қабылдануына жауапты болғандықтан, көтерер жүк те жеңіл болмады. Кейін уақыт өте келе бәрі де бір ізге түсіп, шаруалар реттеліп, қалыптаса бастадық. Осы кезеңде қазақ өнерінің дамуына ерекше көңіл аудардық.
Әлі есімде, қаңтар айында ең алғаш қазақ ұлттық аспаптары оркестрінің дайындығына қатыстым. Ескі, іші суық клубта отырған оркестрдің әртістері кірпіштердің үстінде отырып, ноталарын кірпіштің үстіне қойып дайындалып жатыр екен. Бас дирижері Мырзағали Айдаболов есіктің орнында шүберек ілінген, ар жағында кереуеті бар, сондай жағдайда жұмыс істеді. Соған қарамастан, әртістеріміз күндіз-түні дайындығын тастамай, сәуірдің 15-інде Жастар сарайында алғашқы концертін өткізіп, оркестрдің тұсаукесерін жасадық. Ол кезде астанада филармония ұжымы атымен болған жоқ, сөйтіп жұмысты жанкештілікпен жасадық.
Таланттарды танытқан фестиваль
– Елордада мәдени ошақтардың ашылуы, зиялы қауымның еліміздің астанасына табан тіреуі, тағы қандай іс-шаралар есте ерекше қалды? Таза өнер адамының саясатқа келуі мәдениетіміздің алға басуына септігін тигізе алды ма, қазір қалада руханиятқа, классикалық өнер туындыларына лайықты мән беріліп жүр деп айта аласыз ба?
Әрбір бастаманың басы-қасында жауапты адамдар болуы керек және оны мен жалғыз жасадым деп те айта алмаймын, мәдениетке жауапты тұлға ретінде Алматыдан Тілеуғали Қышқашбаевты шақырдым, Қарағандыдан филармонияға Бекболат Байсағатов келді, бірте-бірте арманымыз жүзеге аса бастады. Музыка академиясы ашылып, оған ұстаздарды шақырдық, студенттер келе бастады, әлеуметтік нысандар – мектептер, балабақшалар мәселелері алдымызда тұрды. Қаладағы 220 мың халықтың 17 пайызы ғана қазақ саналатын астанада тек бір ғана қазақ мектебі болды, ол – №4 қазақ мектебі. Жаңадан тәй-тәй басқан қалада қиындық көп болды, бірақ адамдардың талпынысы, жігері, ұмтылысы ерекше болғанын көрдім, мақсат қойса қол жеткізуге болатынын ұғындым сол кездері.
Қазір бәрі жеткілікті, жағдай бар, жаңа астанамен мүлде салыстыруға келмейтін еді. Жаңа Астана – Жаңа Қазақстанды құрғанмен бірдей болғанын айтуымыз қажет. 7 жыл осы қызметті атқардым, күн демей, түн демей жұмыс істегенімізді білемін. Осы жылдары мен қызметтегі ісім қауырт болғандықтан, өнердегі шығармашылығым баяулап қалды, оны уақытша ысыруға тура келді. Келгеннен кейін, 7-8 айдан кейін өнерлі жастардың халықаралық «Шабыт» фестивалін алғаш ұйымдастырып, жасадық. Осындай байқауларға мыңдаған өнерлі жас қатысып, мықтыларын іріктеп, осында баспана алуына жәрдемдестік. «Шабыт» фестивалі арқылы қаншама ақын, жазушы жастар, журналистер, өнер адамдары танылды, 2014 жылғы фестивальде 15 номинация бойынша жастар жүлдеге таласты, жылдан-жылға байқау кең құлашын жайып, танымал бола түсті. Әділ қазылар мүшелерінің өзі 75-ке жетті. «Шабыт» фестивалі елорданың рухани-мәдени дамуына айтарлықтай үлесін қосты.
1999 жылы тәуелсіздік мерекесін Алматыдан бірде-бір әртіс шақырмай, тек қана астаналық өнер адамдарымен керемет өткізгеніміз естен кетпейді. Президент арнайы алғыс айтты. Бір жылдың ішінде жетістігіміз көп – қазақ ұлттық аспаптар оркестрін құрдық, симфония оркестрі жұмыс істей бастады, астанаға ішекті аспаптар квартетін алып келдік, үрмелі аспаптар оркестрін аштық – жасалған жұмысқа Президент риза болғаны соншалық, бізге былай деп тапсырма берді – енді елордада Опера және балет театрын құру керек.
Ол кезде қалада опера әншісі де, балет шебері де болмады, еш кадр жоқ, содан әуелі концерт ұйымдастырып, гастрольге Астанаға мамыр айында А.Селезнев атындағы Алматы хореография училищесінің студенттері мен ұстаздарын шақырдық. Конгресс-холл залында ұстаздармен, түлектермен, ата-аналармен кездесіп, мәселені былай қойдық: «Сіздердің алдарыңызда үлкен мақсат тұр, елордада болмаған, басталмаған опера және балет театрын жасағалы тұрсыздар, қазақ өнерін дамыту, өркендету – қолдарыңызда» деп өрімдей 16-17-дегі жап-жас балаларға бағдарымызды айқындап түсіндірдік. 2000 жылы ақпан айында Үкіметтің қаулысы шықты да, жеті айдың ішінде елордада мемлекеттік опера және балет театры ашылды. Театр шымылдығы Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсымен, П.Чайковскийдің «Аққу көлі» балетімен, Д.Вердидің «Травиатасымен» салтанатты түрде түрілді. Былай қарасаң, мүмкін емес нәрсе, әлемдік танымал өнер иелері мұндай өнер ордасын ашу үшін кемінде он жыл керек, ал сіздер жеті айда опера және балет театрын аштыңыздар деп таңғалды театр мамандары. Президенттің бастамасымен басталған үлкен жұмыс, азаматтардың атсалысуы арқасында осылайша астанада өнер мерекесі салтанат құрды. Өнер ұжымы аяғынан тік тұруы үшін тәжірибелі мамандарды шақырдық, солардың қатарында Төлеубек Әлпиев бар. Симфония оркестрін құру үшін Абзал Мұхитденов шақырылды, дәстүрлі өнердің дамуына Бекболат Тілеухан үлес қосты, қаншама адам арманына арман жалғап, бізге сенім артып келді, елорданың мәдениеті күннен-күнге дами түсті, бұл салада көптеген жұмыс істелді.
Зиялы қауымнан бұл кездері депутат ретінде Әбіш Кекілбаев, Фариза Оңғарсынова, Шерхан Мұртаза, сондай-ақ жұмыс бабымен жазушы Төлен Әбдіков келді. Жастар да көптеп келе бастады. Жасы 70-тен асқанда Қ.Қуанышбаев атындағы кішкентай театрға бас режиссер болып Әзірбайжан Мәмбетов қызметке келіп, тұратын жері болмай, театр директорының кабинетіне орналасты. КСРО Халық әртісінің жағдайы осындай болғанда, әрине, басқалары туралы айтпасақ та түсінікті. Алғашқылардың қатарында болу, табанды мақсатқа жету ешкімге оңай болған жоқ, біз солардың бәрін еңсеріп, еңсемізді тіктедік. Президенттің қолдауымен өнердегі, шығармашылықтағы 38 жасқа пәтер берілді. Олардың ішінде әнші-күйшілер, суретшілер, композиторлар, әртістер, әдебиеттегі жастар да бар еді. Ең талантты жастар баспанаға ие болды. «Шабыт» фестивалі танытқан суретші Қазыбек Әжібеков, әртіс Тұрсынбек Қабатовқа жұмыс беріп, үй алуына барынша жәрдемдестік. Осылайша елордаға келген мыңдаған адам тағдыры басқаша өрілді, олардың болашағын жақсы жағына өзгертті десек болады.
Арманымды асқақтатқан Астанам!
– 25 жыл белесінен қарағанда елорданың ерекшелігі қайсы, кемшін тұсы қандай, не ескерілді, не ескерілмеді?
Мен ресми делегация құрамында Ресейдің астанасы – Мәскеу қаласына бірнеше рет бардым. Бір барғанымда маған «Душа Москвы» деген кітап сыйлады. Маған бұл идея қатты ұнады. Алдағы уақытта елорда туралы осындай керемет кітап жазылуы тиіс деп есептеймін. Астананың рухы, жаны елорданың басты құндылығы болуы тиіс. Тұрғындарының саны 2 миллион, тіпті одан да көп бола берсін, қаланың иек артар діңгегі, тірегі астананың жан дүниесі болуы керек. Астана жанының рухани өрлеуіне, өркендеуіне бәріміз жұмыла еңбек етуіміз қажет.
Парижге алғаш барғанымда Луврды көріп таңғалдым. Лувр – әлемдегі ең әйгілі және Еуропадағы тұңғыш мұражай. Ол тек қана тарихи ескерткіш ретінде ғана емес, сонымен қатар, ең танымал музей ретінде де әйгілі. Осы тамашаны көргенде «Шіркін, біздің жас балаларымызға осы әсемдікті көрсетсек, бір көргеннен талпынысы өзгерер еді!..» деп тамсандым. Кейіннен жаңа жобалардын қаламызда қолға алғаны қуантты. Соның бірі Астананың Д.Қонаев көшесіндегі сулы-жасыл бульварының жасалуы арқылы көрінді. Кешкісін қыдырып жүріп, Париждегідей жақсы дүниенің бізде де жүзеге асқанына қызыға да, қуана да қарайсың. Бұл мысал мақсат қойса, қолымыздан бәрі келетінін аңғартады. Осынау әсемдікті көрген жастар арманына арман қосып, тек қана алға ұмтылмай ма?!
Мәжіліске депутаттыққа түскенімді пайдаланып, мыңнан астам адамды «Бәйтерек» монументі арқылы осы сулы-жасыл бульварын аралатқаным бар. Бұл сұлулықты адамдар көруі керек, оны жылдан-жылға жаңартып, ұлғайту қажет. Насихаты дұрыс болса, осындай әсем ғимараттар, саябақтар арқылы тұрғындарды жақсы істерге тәрбиелейміз, көше мәдениеті қалыптасады. Адамдарды қоршаған ортаны қорғауға, тазалыққа үндеген маңызды. Әрбір тұрғын қала тазалығына мән беріп, қоғамдық орындардағы заттарды бүлдірмей, сындырмай ұстауы, бір-біріне бауырындай қарауы елордалық менталитетін өзгертеді. Мәдениетті болу дегеніміз міндетті түрде фортепиано тартып, скрипкада немесе домбырада ойнау емес, мәдениет деген – адамның жүрек түкпіріндегі қоршаған ортаға ерекше көзқараспен қарауы. Әлемнің қай жерінде жүрсең де, жүрегіңнің ішінде осы қалаға деген іңкәр сезім, сағыныш жатады. Қаланы салғанда астананың жанын ұмытпауымыз қажет. Бізде де тарихқа айналар, осындай кітапқа өзек болар тақырып көп болары сөзсіз. Ең бастысы, біз неше түрлі сыннан абыроймен өтіп, жақсы келе жатырмыз. Астана қаланың жаны – тұрғындарымен мақтануы керек.
Менің де астаналық болғаныма 25 жыл, бір жаққа кетсем, осы жылы ұямды сағынып тұратыным рас. Әрине, маған да оңай болмады. Семейде дүниеге келген мен бала кезімнен Алматыда тұруды армандадым, оқу оқып, жұмыс істедім, Алматыда төрт бөлмелі үйі бар адам Ақмолаға келгенде 6 ай жатақханада тұрып, барлық қиындықтан өттім. Келген кезде Иманғали Тасмағамбетовтің шағын пәтеріне орналастым. Кейін біздің қатарымызға Қайрат Мәми қосылды, үшеуміз алты ай бір пәтерде тұрып, жастық шағымызға қайта оралғандай әсерде жүрдік. Сонымен қатар, осы астанаға үйренісе алмай, қайтып кеткен, я болмаса мүлде келмеген өнер адамдары да бар еді.
Тағдырымды өзгерткен елорда
– Кезінде 200 мыңнан ғана асатын қалада қазір 1 354 435 адам тұрады, бұл дегеніңіз миллионнан аса адамның астаналық болып келуі, қалыптасуы көз алдымызда өтті, осыншама халықтың тағдырын елорда басқаша өзгертті. Тәуелсіз елдің астанасында қала сәулетімен бірге елорда мәдениеті де өсіп келеді деп нық айта аламыз ба?
Қазір қаланы аралап жүремін де таңғаламын, тамсанамын, жағдайы жақсарған сайын адамдардың да арманы биіктей береді, ол – заңдылық. Елордадағы мәдени ошақтарға, мейрамханаларға, қоғамдық орындарға барғанда қалада әдемі киінген, білімді, білікті жастардың көбейе түскенін көріп, ылғи қуанамын. Өзім қанша жасты жетелеп, астаналық болуына себепкер болғаныма қуанамын, қызығамын қазіргі жастарға. Бір кездері Жастар сарайының алдында апта сайын халыққа би кешін ұйымдастыратын амалсыздықтан туған әрекетіміз еске түседі. Қала сыртында бард әншілердің кешін ұйымдастырып, сонда түнеп жүретінбіз. Тәуелсіз ел астанасының мәдени өміріне қан жүгірту, жаңадан қоныстанған көпшілікке эстетикалық азық беру үшін барымызды салатынбыз.
Қазір көптеген әсем мәдени ошақтар жұмыс істеп тұр, қай жағынан алсақ та мақтануға тұрарлық. Ойлаңызшы, күніне Астанада оншақты концерт, түрлі мәдени іс-шара өтеді. Бұл деген керемет, ғажап қой!
Қаламызда шағын және орта кәсіп иелерінің кәсібін дамыту өте жақсы жолға қойылғанын дәмхана, мейрамханаларға Нұржамалмен барғанда байқап жүрмін. Кәсіп жасаймын деген адамға барлық мүмкіндік бар, сервис қызметі те жылдан-жылға жақсарып келеді. Әрбір адам астананың жанын жандандыруға тырысып жүр. Қарапайым халық байыса, қала экономикасы көтеріледі, ол елімізге жақсы. Бұрын дотацияда болған Астана қазір донор, ірі мегаполис саналады. Осыған қуанамын. Қала күн санап өсіп келеді.
Гүлшат САПАРҚЫЗЫ