Төлеген Мұхамеджанов: Астанада әртістер кірпіштің үстінде отырып дайындалатын
Белгілі композитор Төлеген Мұхамеджанов бұл туралы «Астана ақшамы» газетіне берген сұхбатында айтты, деп хабарлады Elorda.info.
Ол кезде қала әкімінің орынбасары лауазымында жұмыс істеп жатырмын. Бұл сол кездегі қиындықтармен басталған біздің жанкешті еңбегімізді, таңның атысынан күннің батысына дейін қаланы қалайда көркейту, мәдени ошақтарды ашуға ұмтылған жұмысымызды көрсетеді. Қазір барлық жағдай бар, отыр да, жұмысыңды істей бер – көрдіңіз бе, бұрынғы мен қазіргіні тіпті салыстыруға келмейді, осындай қиын сәттерден жұдырықтай жұмыла жұмыс істеу арқылы абыроймен шықтық. Ауыртпашылығы мен жауапкершілігі зор жүкті абыроймен атқаруға тырыстық. Таза өнер адамы болғандықтан, оған дейін мен лауазымды қызметте болған емеспін, бірақ астананың мәдениетін көтеруге ел басшысының таңдауымен келдім. Шенеунік болу оңай емес, күніне пәленбай қағаз алдыңа келеді, жас қаланың қаншама өзекті проблемасы алдыңнан өтеді. Әрбір құжаттың мұқият қаралып, дұрыс шешім қабылдануына жауапты болғандықтан, көтерер жүк те жеңіл болмады. Кейін уақыт өте келе бәрі де бір ізге түсіп, шаруалар реттеліп, қалыптаса бастадық. Осы кезеңде қазақ өнерінің дамуына ерекше көңіл аудардық, - деді ол.
Астананың алғаш құрылып жатқан кезеңін еске алған Төлеген Мұхамеджанов ең алғаш қаңтар айында қазақ ұлттық аспаптары оркестрінің дайындығына қатысқанын айтты.
Әлі есімде, қаңтар айында ең алғаш қазақ ұлттық аспаптары оркестрінің дайындығына қатыстым. Ескі, іші суық клубта отырған оркестрдің әртістері кірпіштердің үстінде отырып, ноталарын кірпіштің үстіне қойып дайындалып жатыр екен. Бас дирижері Мырзағали Айдаболов есіктің орнында шүберек ілінген, ар жағында кереуеті бар, сондай жағдайда жұмыс істеді. Соған қарамастан, әртістеріміз күндіз-түні дайындығын тастамай, сәуірдің 15-інде Жастар сарайында алғашқы концертін өткізіп, оркестрдің тұсаукесерін жасадық. Ол кезде астанада филармония ұжымы атымен болған жоқ, сөйтіп жұмысты жанкештілікпен істедік, - деді композитор.