Жұмыс тобы елорданың «Сарайшық» ауданындағы қоғамдық тамақтану орындарын тексерді
Бүгін Астана қаласы Инвестициялар және кәсіпкерлік басқармасының мамандары елорданың «Сарайшық» ауданындағы қоғамдық тамақтану нысандарын аралап, өртке қарсы түсіндіру жұмыстарын жүргізді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Бүгін «Сарайшық» ауданындағы 19 нысанға барған жұмыс тобы рейд барысында ауа сорғыш жүйелерінің жай-күйіне, электр жабдықтары мен электр сымдарының жарамдылығына, сондай-ақ оларды пайдалану ережелерінің сақталуына ерекше назар аударды.
Басқарманың бас маманы Бауыржан Зайнелов бұл факторлардың көбінесе өрттің шығуына себеп болатынын айтады.
«Тексеру, түсіндіру шаралары профилактикалық сипатқа ие, өрт қаупін азайтуға, келушілер мен қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған. Мақсаты – өрттің алдын алу және мекеме басшылары мен қызметкерлеріне өрт қауіпсіздігі талаптарын түсіндіру», - деді Бауыржан Зайнелов.
Оның сөзінше, елордадағы қоғамдық тамақтану нысандарында түсіндіру жұмыстары өткен жылдың 27 желтоқсанынан бастап жүргізіліп келеді.
Содан бері жұмыс тобы қаладағы 210-ға жуық қоғамдық тамақтану нысанын аралаған.
Бұған дейін елорданың «Алматы» ауданы Төтенше жағдайлар басқармасы кәсіпкерлік нысандардағы өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауды түсіндіргенін жазған едік.