Астанада «Ана жолы» спектакль-перформансының премьерасы өтеді

Бүгін, 14:51
Думан Аманжол Думан Аманжол
Астанада «Ана жолы» спектакль-перформансының премьерасы өтеді
Фото: Музыкалық жас көрермен театры

Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры 9 қазан күні сағат 19:00-де және 11 қазан сағат 18:00-де «Ана жолы» атты перформанс жанрындағы қойылымының премьерасын көрермен назарына ұсынады, деп хабарлайды Elordainfo.kz театрдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Ана жолы» – деректі театр мен заманауи сахна тілін ұштастырған пластикалық-музыкалық спектакль-перформанс. Пьесаның авторы және қойылым режиссері – Іңкәр Каримова.

Спектакльде жеті жас актриса өз кейіпкерлерінің аналарының өмір жолын, бастан өткерген қиындықтары мен сырларын баяндайды. Отбасылық естеліктер мен оқиғалар арқылы әйел тағдыры, ана мен қыздың байланысы, қоғамның әйелге қоятын талаптары туралы шынайы әңгіме өрбиді. Кейіпкерлер тек өз аналарының оқиғасын айтып қана қоймай, олардың таңдауларына, өмірлік ұстанымдарына өз көзқарасын білдіреді.

«Ана жолы» – көрерменді дайын жауапқа жетелемейтін, керісінше өз анасы туралы, өз отбасы және ХХІ ғасырдағы әйел тағдыры туралы ойлануға шақыратын спектакль. Қойылымда көрерменмен тікелей қарым-қатынас, сахна мен зал арасындағы шекараны бұзады», - делінген хабарламада.

Пластика, музыка, деректі мәтіндер мен манифест тоғысқан спектакль –  қыз, әйел, ана атаулысына құрмет пен алғыстың сахналық көрінісі.

Қойылым тобы: Қоюшы-режиссері – Іңкәр Каримова, қоюшы хореограф – Камила Бузанова, қоюшы-суретшісі – Іңкәр Каримова, музыкамен көркемдеген –  Осман Абайділдә, жарық суретшісі – Асылбек Оспанов, режиссердің ассистенті – Айза Абельбасова, редактор — Нұрлыгүл Ғалымжанқызы, Айза Абельбасова, декоратор — Мақсат Сүйінғали.

Орындаушылар: Актриса 1 — Нұрай Рысбекова, Дана Верещак, актриса 2 — Лаура Аязбаева, Дана Қабылова, актриса 3 — Аружан Темірханова, актриса 4 — Майра Марғұланқызы, актриса 5 — Айдана Болат, Жансұлу Төлеген, актриса 6 — Айя Дарибаева, Аружан Бағзат, актриса 7 — Айдана Жетешова, Альфия Хайзуллиева.

Еске салсақ, Астанада түрлі ұлт өкілдері қазақтың әні мен күйін орындады.