Жоғарғы сотқа ТМД байқаушылар миссиясының өкілдері келді
Жоғарғы соттың әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Аслан Түкиев ТМД байқаушылар миссиясы штабының жетекшісі Евгений Козякпен кездесті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Жоғарғы соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесуге жоғары сот органының судьясы Нұржан Жолдасбеков және Сот әкімшілігінің өкілдері қатысты.
А.Түкиев қонақты елімізде әкімшілік әділеттің төрт жылдық қызметінің нәтижелерімен таныстырды. Оның айтуынша, мемлекеттік органдармен даулар бойынша шешімдердің шамамен 60%-ы азаматтар мен бизнес пайдасына шығарылады.
Ол Жоғарғы сот Орталық сайлау комиссиясының әрекеттеріне қатысты шағымдарды бірінші және кассациялық саты қағидалары бойынша қарайтынын, ал жергілікті соттар референдум өткізуге байланысты өзге де істерді, сондай-ақ аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының әрекеттері мен шешімдеріне қатысты шағымдарды қарайтынын айтып өтті.
Сот алқасының төрағасы сайлау заңнамасын бұзылғаны туралы келіп түскен арыздар қысқартылған мерзімдерде, ал олардың кейбірі дереу қаралатынын атап өтті. Бұл судьяларға арыздарды жедел әрі сапалы қарау тұрғысынан айрықша жауапкершілік жүктейді.
Өз кезегінде Е.Козяк азаматтардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету бағытындағы сот жүйесінің ағымдағы қызметі туралы берілген түсіндірмелер үшін алғыс білдіріп, соттардың, соның ішінде халықаралық миссия өкілдері үшін ашық екенін атап өтті.
А.Түкиев қонақтың сот практикасына қатысты бірқатар сұраққа жауап берді.
Еске салсақ, референдум күні тіркелген жерінен басқа жерге баратындар есептен шығару куәлігі арқылы дауыс бере алатынын хабарладық.