Жобада елдің мәдени байлығын сақтау мен оны жаңа буынға жеткізуге мән берілген - депутат

Бүгін, 16:28
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Жобада елдің мәдени байлығын сақтау мен оны жаңа буынға жеткізуге мән берілген - депутат
Фото: Бахаргүл Төлегеннің жеке архивінен

Астана қаласы маслихатының депутаты, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Бахаргүл Төлеген конституциялық реформаның маңыздылығы және жаңа жобадағы мәдениет саласына қатысты заңнамалар туралы пікір білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Мен, қалалық мәслихат депутаты ретінде, Конституциялық реформалар комиссиясы әзірлеген Қазақстан Республикасының жаңа Конституция жобасын қолдаймын. Бұл жоба азаматтардың, саяси партиялардың, сарапшылар мен қоғамдық ұйымдардың ұсыныстары негізінде дайындалды, яғни, халықтың негізгі заңды жаңарту талабын толық көрсетеді.

Жоба адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, білім, ғылым, инновациялармен қатар, мәдениетті дамытуға ерекше көңіл бөледі. Мәдениет саласында ұлттық дәстүрлерді сақтау, шығармашылықты қолдау, өнер мен руханиятқа қолжетімділікті кеңейту маңызды мәселелер ретінде қарастырылған. Бұл қадам елдің мәдени байлығын сақтау мен оны жаңа буынға жеткізуге мүмкіндік береді.

Жоба аясында Вице-Президент институты енгізіліп, парламенттің жаңа құрылымы — кеңейтілген өкілеттіктерге ие Құрылтай бекітілген. Сондай-ақ, азаматтардың құқықтарын қорғау, цифрлық мүмкіндіктерді дамыту және білім беру жүйесінде зайырлылықты сақтау мәселелері де назардан тыс қалмаған.

Конституция жобасын талқылау ашық түрде — e-Otinish және eGov порталдарында жүргізіледі, ал соңғы шешімді еліміздің азаматтары жалпыұлттық референдумда қабылдайды. Депутат ретінде мен халықтың белсенді қатысуын қолдаймын және бұл құжат еліміздің мәдениеті мен рухани дәстүрлерін сақтап, болашағымызға жаңа серпін беретініне сенімдімін, - деді ол. 

Еске салайық, бұған дейін Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы жарияланғаны туралы жаздық.