ЖИ құрылыс сапасын бақылауды 3 күннен 4 сағатқа қысқартты - Ерсайын Нағаспаев

Бүгін, 10:42
Думан Аманжол Думан Аманжол
ЖИ құрылыс сапасын бақылауды 3 күннен 4 сағатқа қысқартты - Ерсайын Нағаспаев
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Үкімет отырысында өзі жетекшілік ететін салаларға жасанды интеллект енгізу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оның айтуынша, құрылыс саласында жобалаудан бастап құрылыс барысын бақылауға дейінгі барлық кезеңде ЖИ енгізіліп жатыр. Қала құрылысы және жоспарлау сатысында цифрлық бас жоспарлар мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларының орындалуын бақылау үшін компьютерлік көру технологияларымен біріктірілген пилоттық жоба іске қосылған.

Жаңа жүйе салынып жатқан нысандардың нақты жағдайын бекітілген жобалық құжаттамамен автоматты түрде салыстырады. Соның нәтижесінде сәйкессіздіктерді анықтау уақыты 3 жұмыс күнінен небәрі 4 сағатқа дейін қысқарып, заңсыз құрылыс тәуекелі төмендейді.

Сонымен қатар, Қазақтелеком компаниясымен бірлесіп қалалардың цифрлық егіздерін жасау үшін дрондарды пайдалану қолға алынған. Ал жобалау және мемлекеттік сараптама кезеңінде BIM-жобаларды тексеруге арналған ЖИ енгізу жоспарланып отыр. Бұл үшін құрылыс нормативтері машина оқи алатын форматқа көшіріліп, жобаларды алдын ала тексеруге және сараптама мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді.

«Бұл, сондай-ақ, топырақ сипаты мен сейсмикалық ерекшеліктерін ескере отырып, әр өңірдегі үлгілік жобаларды қарау мерзімдеріндегі айырмашылықтарды жояды, бүкіл ел бойынша мемлекеттік сараптаманың бірыңғай және ашық ережелерін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, BIM-ді, жобалаудың міндетті стандарты ретінде, бірінші кезеңде — өнеркәсіптік құрылысқа енгізу жоспарлануда», деді Ерсайын Нағаспаев.

Министр өнеркәсіпте жасанды интеллект қазірдің өзінде сапаны бақылау және өндірістік процестерді оңтайландыру үшін қолданылатынын айтты. Сондай-ақ, тау-кен өнеркәсібінде жасанды интеллект негізіндегі шешімдер енгізілуде.