Референдум-2026

Жеңіс Қасымбек: Жаңа оқу жылында тағы 12 білім беру ұйымын ашамыз

Бүгін, 09:35
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Жеңіс Қасымбек: Жаңа оқу жылында тағы 12 білім беру ұйымын ашамыз
Фото: Жеңіс Қасымбек/ Instagram

Астана қаласы әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram желісінде білім беру жүйесін дамыту кешенді тәсілді талап ететінін, сол себепті заманауи білім беру ұйымдарын салумен қатар, педагог мамандарын даярлау ісіне де ерекше көңіл бөлініп отырғанын айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

«Соңғы жылдары педагогикалық мамандықтар бойынша жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруге арналған шамамен 1,5 мың мемлекеттік грант бөлінді.

Бүгінде қала әкімдігінің гранты негізінде педагогикалық мамандықтар бойынша шамамен 2 мың студент білім алып жатыр. Соңғы үш жылда 1 314 түлек оқуын сәтті аяқтап, диплом алды.

2026-2030 оқу жылдарына арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлау үшін 303 грант қарастырылды, оның 188-і педагогикалық мамандықтарға арналған.

Сол сияқты педагог мамандарын даярлау жүйесін дамыту үшін Гуманитарлық колледж базасында Педагогикалық институт құрылды. Қазіргі уақытта институтта 4 611 студент білім алып жүр. Оқыту 36 білім беру бағдарламасы бойынша өтеді», - деді ол. 

Сондай-ақ, қала әкімі жаңа оқу жылында тағы 12 білім беру ұйымы ашылатынын айтты. 

«Соңғы жылдары 44 мектеп салдық. Соның арқасында қолданыстағы мектептерге түсетін салмақ айтарлықтай азайып, ондаған мың жаңа оқушы орны ашылды.

Сонымен қатар, қазірдің өзінде 2027 жылға арналған дайындық жұмысы басталды: жобалау және қала құрылысы құжаттамалары әзірленіп жатыр. Бас жоспарға сәйкес, 2035 жылға дейін елордада 140-қа жуық жаңа мектеп салу жоспарланған», - деп жазды ол.