Жануарлар дүниесі комитеті: Қыста киіктің бір бөлігінің қырылуы - табиғи құбылыс
Әлеуметтік желі қыста киіктердің елдімекендерге кірген сәттері көрсетілген бейнежазбалар таралып жатыр. Осыған байланысты Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитет мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Экология және табиғи ресурстар министрлігіне сілтеме жасап.
Ведомствоның атап өтуінше, қыста жекелеген аумақтарда киіктердің өлуі, сондай-ақ олардың елдімекендерге уақытша жақындауы тіркеледі. Бұл құбылыс – табиғи жағдай, ол - табиғи факторлар жиынтығына байланысты.
Киік ауа райы және қорек мөлшері өзгергенде дереу қоныс аударатын жануар. Температура күрт төмендеп, қалың қар түскенде және жер бетін мұз жапқанда жануарларға азық тауып жеу қиынға түседі. Әлсіреген аң дәстүрлі жолынан ауытқып, қорек іздеп елдімекендерге кіруі мүмкін. Мұндай жағдайға киік амалы қалмағанда барады, бұл ауытқу емес, жағдай оның күйіне байланысты болады.
Қазақстандық биоәртүрлілікті сақтау қауымдастығының ғылым жөніндегі директоры Сергей Скляренконың айтуынша, қыс мезгілінде киіктер үшін ең қауіптісі – жұт, яғни қар үстін мұз басқанда оларға қорек табу қиынға түседі. Сарапшы оларды қосымша азықтандыру тиімді емес екендігін атап өтті. Мұндай тәжірибе кеңес дәуірінде жасалған. Жануарларға ұшақтан жем-шөп тасталған. Алайда қаншалықты көп әрекет жасалғанымен нәтиже аз болды. Себебі киіктер жылдам орын ауыстырады, ал жұт пен жаппай қырылу болмаған кезде қосымша азықтандырудың пайдасы аз.
«Деректерге сәйкес, қолайлы жағдайда қыс кезінде киіктің аталығының қырылуы 5–10%, ал қыс қатал болған кезде бұл көрсеткіш 50–70%-ға жетеді, күйек кезіндегі аталықтардың тек 5–7%-ы көктемге дейін тірі жетеді. Популяция саны шамамен 2 млн бас болғанда және аталықтардың үлесі 20%, қыс басында олардың саны шамамен 400 мыңға жетеді. Осыған байланысты, қолайлы жағдайдың өзінде аталықтардың табиғи өлімі кемінде 20–40 мың бас деңгейінде екенін болжауға болады», - дейді ол.
Мамандардың мәлімдеуінше, қыста далада киіктердің бір бөлігінің қырылуы табиғи құбылыс. Олардың өлекселері түлкі, қарсақ, жыртқыш құстар және басқа да өлексемен қоректенетін жануарларға азық көзіне айналады. Осылайша, жануарлардың табиғи қырылуы және олардың өлексесін басқа түрлердің пайдалануы - зат пен энергияның табиғи айналымының бір бөлігі. Бұл дала экожүйесіндегі тепе-теңдікті сақтауға және фаунаның әртүрлі өкілдерінің тіршілігін қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Комитет бүгінгі жағдай тұрақты бақылауда, сондай-ақ ғылыми ұйымдардың да қадағалауында екенін жеткізді. Қазір күн сайын киіктердің жағдайына мониторинг жүргізіліп, олардың көші-қонына әсер ететін факторларға талдау жасалып жатыр.