Жәнібек Әлімханұлы допинг сынамасынан өтті

12 қараша, 2025
Дәукен Тұрдашев Дәукен Тұрдашев
Жәнібек Әлімханұлы допинг сынамасынан өтті
No Limit Boxing

Қазақстандық былғары қолғап шебері Жәнібек Әлімханұлы орта салмақтағы WBO, IBF және WBA белбеулері үшін біріккен титулдық жекпе-жек алдында допинг сынамасын тапсырды. 

Бұл жөнінде Qazaq Style лақап атымен танымал боксшы Instagram-да жазба жариялады. Әлімханұлының жеке парақшасындағы Stories жүйесінде қан сараптамасының суреті бейнеленген. 

– Мен қашанда таза спортты қолаймын. Спортшының допингті қолдануына қарсымын. Біз VADA-ға тест тапсырдық, кеше нәтижесі келді – барлығы таза, - деп жазды Жәнібек Әлімханұлы.

Жәнібек Әлімханұлы бұған дейін WBO, IBF тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы атағына ие болған. Енді Жәнібек 6 желтоқсанда WBA тұжырымы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы 42 жастағы Эрисланди Ларамен қолғап түйістіреді. 

Бұл жекпе-жек АҚШ-тың Техас штатында орналасқан Сан-Антонио қаласында өтеді. Аталған бокс кешінде Ламонт Роуч пен Исаак «Питбуль» Крус та күш сынасады.

Жәнібек Әлімханұлы 1993 жылы 1 сәуірде дүниеге келген. Әуесқой бокста 2013 жылы әлем чемпионы атағынып, сол жылы Азия чемпионатында жеңіс тұғырына көтерілді.

2015 жылдан бері кәсіпқой бокста 17 жекпе-жек өткізіп, соның барлығында жеңіске жеткен.