Жаңатастағы дауыл жел: Аудандық деңгейде төтенше жағдай жарияланды
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Сарысу ауданының Жаңатас қаласында қатты жел салдарынан зақымданған нысандарды аралап, жағдайымен танысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Жамбыл облысы әкімдігіне сілтеме жасап.
Бүгін қалада екпіні секундына 32 метрге дейін жеткен қатты желдің салдарынан 3 көпқабатты тұрғын үйдің шатыры толықтай, 7 үйдің шатыры жартылай ұшқан. Сонымен қатар 7 кәсіпкерлік нысанның шатыры бүлініп, шамамен 2 шақырым электр желісі үзілген.
«Апат айтып келмейді. Дегенмен табиғаттың тосын мінезіне әрдайым дайын болуымыз қажет. Аудандық деңгейде төтенше жағдай жарияланды. Апат салдарын жоюға қажетті қаржы қарастырылады. Зардап шеккендерге барлық қажетті көмек көрсетіледі. Жауапты тұлғалар қалпына келтіру жұмыстарына жедел кірісуі тиіс. Жұмыс бүгіннен басталуы керек. Бұл мәселе менің жеке бақылауымда», – деді облыс әкімі.
Коммуналдық желі штаттық режимде жұмыс істеп жатыр, әлеуметтік нысандарға зақым келмеген.
Еске салсақ, бұған дейін Жаңатас қаласында қатты желдің салдарынан бірқатар нысанға зақым келгенін хабарладық.