Жаңа Конституцияда адам капиталына басымдық беріледі - ғалым

Бүгін, 16:27
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Жаңа Конституцияда адам капиталына басымдық беріледі - ғалым
Фото: Борис Поломарчук/Facebook

Еуразия Ұлттық университеті Қазақстан Халқы Ассамблеясы кафедрасының докторанты Борис Поломарчук әлеуметтік желіде жаңа Конституция жобасына қатысты пікірін білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Оқытушы әрі зерттеуші ретінде мені жаңа Конституция жобасында билік архитектурасы мен өкілеттіктерді қайта бөлуден бөлек, бір аса маңызды жайт ерекше қызықтырды. Кіріспе бөлімде: «мәдениет пен білім, ғылым мен инновация құндылықтарын бағдарға алып» делінген.

Негізгі Заң үшін бұл жай ғана көркем безендірілген кіріспе емес, бұл - мемлекеттің өз болашағын қандай негізде құруды көздейтінін айқын мәлімдейтін тұжырым.

Мәдениет - өткеннің еншісінде қалған дүние емес. Ол - қоғамды тұтастырып ұстап тұрған код, онсыз қоғамдық құрылым ыдырайды. Білім беру - қызмет көрсету саласы ғана емес, бұл - елдің тұрақты дамуына салынған инвестиция. Ғылым - сән-салтанат емес, ол - білім кеңістігіндегі егемендік. Ал инновация - жай ғана сәнді ұғым емес, артта қалмаудың жалғыз жолы», - деді ол.

Спикер, сондай-ақ, құжат декларация түрінде ғана емес, әрекетке бағытталуымен де құнды екенін айтты.

«Ең маңыздысы - бұл формула қағаз жүзінде қалып қоймайды. Ол Конституция мәтінінде нақты мазмұнмен ашыла түседі: ғылыми және шығармашылық ізденіс еркіндігі арқылы, білім алу құқығына кепілдік беру арқылы, зияткерлік меншікті қорғау арқылы, мәдени мұраны сақтау міндетін бекіту арқылы, адами капиталды дамытуды мемлекеттің стратегиялық басымдығы деп тану арқылы. Осылайша, аталған құндылықтар ұран деңгейінен шығып, тікелей қолданылатын құқықтық нормаларға айналады.

Осы тұрғыдан алғанда, ХХІ ғасырдың Конституциясы - билік институттары мен басқару тармақтарының тепе-теңдігін айқындайтын құжат қана емес. Бұл - мемлекеттің өз басты ресурсы ретінде қандай адамды таңдағанын көрсететін құжат. Ол - ойлай алатын, білімді, мәдени тамыры берік әрі жаңалық жасауға қабілетті тұлға. Ал қалғанының бәрі, соның ішінде экономика, технология және халықаралық бедел - осы таңдаудың нәтижесі болмақ», - деген пікірін білдірді ол.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы жарияланғаны туралы жаздық.