Жаңа Конституция бұқаралық және кәсіби спортты тең дәрежеде қолдауға жол ашады – Азамат Ағзамов

Бүгін, 16:08
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Жаңа Конституция бұқаралық және кәсіби спортты тең дәрежеде қолдауға жол ашады – Азамат Ағзамов
Фото: Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасынан

Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Азамат Ағзамов елордалық спорт федерацияларының басшыларымен кездесіп, жаңа Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен реформалар бойынша жан-жақты пікір алмасты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Жиынға 60-қа жуық жергілікті федерация өкілдері қатысты. Кездесу барысында спорт саласындағы құқықтық-нормативтік өзгерістердің федерациялар жұмысына ықпалы, мемлекеттік қолдау шаралары мен спорт инфрақұрылымын дамыту бағыттары талқыланды.

 «Спортқа құқықтық негіздің Конституция жобасында айқындалуы – уақыт талабынан туындаған маңызды қадам. Бұл норма спорт саласын жүйелі түрде дамытуға және оны мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде бекітуге мүмкіндік береді. Конституциялық деңгейде бекітілген құқықтық негіз спорттың барлық деңгейін, атап айтқанда бұқаралық және кәсіби спортты тең дәрежеде қолдауға жол ашады. Бұқаралық спорттың дамуы халықтың денсаулығын нығайтып, салауатты өмір салтын қалыптастыруға ықпал етеді. Ал кәсіби спортты құқықтық тұрғыда қолдау халықаралық аренада ел намысын абыроймен қорғап жүрген спортшыларға әділ жағдай жасауға мүмкіндік береді», - деді Азамат Ағзамов.

Оның айтуынша ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған конституциялық реформа елдің саяси жаңғыруындағы маңызды кезең.

«Конституция жобасында спортшылармен қатар спорт ардагерлерінің де құқығының қорғалуы әлеуметтік әділеттіліктің айқын көрінісі болып табылады. Бұл өзгеріс спорт саласындағы құқықтық қатынастарды нақтылап, жауапкершілікті арттыруға, сондай-ақ саланың ұзақмерзімді әрі тұрақты дамуына жол ашады деп санаймын», - деді басқарма басшысының орынбасары.

Бұған дейін Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы жарияланғанын жаздық.