Жаңа Конституция  бүгінге ғана емес, болашаққа жасалған келісім - мәслихат депутаты

Жаңа Конституция  бүгінге ғана емес, болашаққа жасалған келісім - мәслихат депутаты
Фото: Ғаби Тәжімұратов ұсынды

Жаңа Конституция жобасы тек заңгерлік құжат қана емес бұл біздің қоғамдық жауапкершілігіміз, болашақ ұрпаққа қалдыратын ортақ келісіміміз. Астана қаласы мәслихатындағы «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі, VII және VIII шақырылымдардың депутаты, Қазақстанның Азаматтық авиация қауымдастығының президенті және Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңестің мүшесі Ғаби Тәжімұратов осылай мәлім етті, деп хабарлайды Elordainfo.kz 

Мәслихат депутатының айтуынша, бүгін Қазақстан тарихи маңызды кезеңде тұр. Жаңа Конституция жобасын талқылау бұл мемлекеттің қоғам алдындағы міндеттері мен құндылықтарын нақтылайтын маңызды үдеріс. Онда бастысы адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде бекіту. Бұл тек декларация емес, барлық деңгейдегі мемлекеттік басқарудың философиялық негізі болып табылады. Депутат әрі басқарушы ретінде мен үшін бұл бір ғана мағынаны білдіреді: шешімдер жүйе үшін емес, адам үшін қабылдануы тиіс.

«Жоба әлеуметтік жауапкершілікті күшейтеді: отбасыны, ананы және баланы қорғау; қолжетімді білім мен сапалы денсаулық сақтау; қиын өмірлік жағдайда қалған азаматтарды қолдау сияқты кепілдіктер нақты бекітілген. Әке ретінде мен болашақ ұрпақ үшін қауіпсіз, тұрақты және әділетті орта қалыптастыруға бағытталған нормаларды ерекше қолдаймын.
Сонымен қатар, Конституция билік органдарының қоғам алдындағы есептілігін арттыруға, заңдылық пен әділеттілікті нығайтуға, азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысуын күшейтуге бағытталған. Бұл мемлекет пен қоғам арасындағы алшақтықты азайтып, серіктестікке негізделген басқару моделіне жасалған маңызды қадам», - Ғаби Тәжімұратов.

Депутат көлік және азаматтық авиация саласында ұзақ жыл еңбек еткен маман ретінде жобада стратегиялық салаларды қорғау, инфрақұрылымды дамытуды қамтамасыз ету, мемлекеттік мүдде мен нарықтық тетіктер арасындағы тепе-теңдікті сақтау бағытындағы нормаларды оң бағалады. 
Оның айтуныша, жаңа Конституция мемлекеттік институттардың тұрақтылығын қамтамасыз етеді: билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті нығайту, өкілді органдардың рөлін күшейту, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту. 

«Жаңа Конституция  бүгінге ғана емес, болашаққа жасалған келісім. Оны талқылауға және қабылдауға қаншалықты саналы әрі жауапкершілікпен қарасақ, Қазақстанның 10, 20, 30 жылдан кейінгі келбеті де соған байланысты. Мен Ата Заңды жаңарту бағытын қолдаймын, өйткені онда Әділетті Қазақстанды құруға деген нақты ұмтылысты көремін. Бұл адамды қадірлейтін, еңбекті бағалайтын, отбасын қорғайтын және балалардың болашағын ойлайтын мемлекет. Дәл осындай берік іргетас еліміздің тұрақты әрі сенімді дамуы үшін қажет», - деді ол.

Еске салсақ, елорда мәслихатында Конституцияның жаңа редакциясының жобасы талқыланды.