Елорда мәслихатында Конституцияның жаңа редакциясының жобасы талқыланды
Бүгін Астана қаласы мәслихатының қабырғасында депутаттар Конституцияның жаңа редакциясы жобасын талқылады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Бұл – мемлекеттік жүйені жаңғырту жолындағы маңызды әрі уақтылы қадам. Конституциялық реформа азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын нығайтуға, биліктің әділдігі мен ашықтығын қамтамасыз етуге, сондай-ақ мемлекет пен қоғам арасындағы ашық диалогты дамытуға бағытталған.
Талқылауды аша отырып, Астана қаласы мәслихатының төрағасы Табиғат Зейнулқабден қаралып отырған құжаттың елдің одан әрі дамуы үшін маңыздылығын атап өтті.
«Жаңа Конституция жобасы -бұл жай ғана құқықтық құжат емес, ол қоғамның әділеттілікке, биліктің жауапкершілігіне және адам құқықтарының басымдығына деген сұранысын көрсетеді. Бұл — мемлекеттік басқару жүйесін сапалы түрде жаңғырту», - деді ол.
Отырыста Конституция жобасын дайындау барысында азаматтардың, сарапшылардың, бизнес өкілдері мен қоғамдық ұйымдардың ұсыныстары ескерілгені айтылды. Конституциялық комиссия құрамына заңгерлер, экономистер, саясаттанушылар, сондай-ақ азаматтық қоғам, мәдениет және бизнес саласының өкілдері кірді. Мұндай құрам Негізгі заң мәтінін әзірлеуде жан-жақты әрі кәсіби тәсілді қамтамасыз етті.
Мәслихат төрағасы жоба дайындау үдерісінің ашықтығына да ерекше тоқталды.
«Жоба бойынша жұмыс барынша ашық форматта жүргізілді. Комиссия отырыстары жария түрде өтті, онлайн-трансляциялар ұйымдастырылды, цифрлық платформаларда талқылаулар жүргізілді. Бұл әрбір азаматқа жұмыс барысын бақылауға және негізгі шешімдердің қалай қабылданғанын түсінуге мүмкіндік берді. Іс жүзінде бұл «Еститін мемлекет» қағидатының нақты көрінісі болды», - деп атап өтті Табиғат Зейнулқабден.
Пікір алмасу барысында депутаттар ұсынылып отырған өзгерістердің басты өзегі -адам және оның құқықтары екеніне бірауыздан тоқталды. Конституцияның жаңа редакциясы халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге, сондай-ақ, демократиялық институттар мен билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті нығайтуға бағытталған.
«Барлық конституциялық жаңғыртулардың басты құндылығы -адам. Ұсынылып отырған нормалар мемлекеттік институттардың қоғам мүддесі үшін тиімді әрі жауапкершілікпен жұмыс істеуіне бағытталған», - деп қорытындылады мәслихат төрағасы.
Талқылау қорытындысы бойынша депутаттар конституциялық өзгерістердің мәні мен маңызын қоғамға кеңінен түсіндіру, сондай-ақ қоғамдық диалогты одан әрі жалғастырудың маңыздылығын атап өтті. Бұл өзгерістер елдің орнықты әрі әділ дамуының берік негізін қалыптастырады.
Бұған дейін Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы жарияланғанын жаздық.