Ырза Тұрсынзада: Жобада зияткерлік еңбекті қорғау мәселесіне ерекше көңіл бөлінген

Ырза Тұрсынзада: Жобада зияткерлік еңбекті қорғау мәселесіне ерекше көңіл бөлінген
Фото: Ырза Тұрсынзаданың жеке архивінен

Аналарға арналған республикалық «Бақытты отбасы» орталығының төрайымы, елорда әкімінің әлеуметтік және мәдени мәселелер бойынша кеңесшісі, танымал этнодизайнер Ырза Тұрсынзада Жаңа Конституция жобасындағы мәдениет саласына қатысты нормаларға байланысты пікірін білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Жаңа Конституция жобасын елдің болашағына бағытталған маңызды қадам деп қабылдаймын. Бұл құжат қарапайым еңбек адамдары үшін де үлкен мәнге ие. Әсіресе, Конституцияда азаматтардың шығармашылығы мен зияткерлік еңбегін қорғау мәселесіне ерекше көңіл бөлінуі қуантады. Атап айтқанда, Конституцияның 23-бабының 1-тармағында ғылыми, техникалық және көркем шығармашылық еркіндігіне кепілдік берілуі – өнер адамдары үшін аса маңызды норма. Өнер адамы үшін еркін ойлау мен шектеусіз ізденіс – дамудың басты шарты. Осы қағидалардың нақты әрі айқын бекітілуі шығармашылықпен айналысатын жандарға сенім береді, жаңа идеялардың еркін тууына жол ашады.

Төл өнеріміздің шырақшылары – қолөнершілер, ата-бабадан жеткен  өнерді жалғастырып келеміз. Бұл тұрғыда еңбегіміздің заңмен қорғалуы әділеттілік. Сондықтан 23-баптың 2-тармағында зияткерлік меншіктің заңмен қорғалатынының нақты көрсетілуі тек қолөнершілер үшін ғана емес, барша өнер адамдары үшін өте өзекті мәселе ғой деп ойлаймын. Өйткені адамның ақыл-ойы еңбегінің нәтижесі, өзіне тән таланты мен дарынының жемісі өз деңгейінде бағалануы – қолдап-қолпаштайтын іс.

Солайша жаңа жобадағы әр азаматтың өз кәсібін еркін жүргізуіне, еңбегінің нәтижесін заңды түрде пайдалануға мүмкіндік беретін нормалар шеберлерге өз бұйымдарын еркін сатуға, авторлық құқықтарын қорғауға және адал еңбекпен табыс табуға жол ашады. Өкінішке қарай, кейде авторлық идеялардың рұқсатсыз пайдаланылуы, бұйымдардың көшірілуі сияқты мәселелер кездесіп жатады. Зияткерлік меншік заңмен нақты қорғалса, әр шебер өз еңбегінің әділ бағалануына, авторлық құқығының сақталуына сенімді болады. Егер заң бәріне бірдей қызмет етсе, ауылдағы шебер де, қаладағы кәсіпкер де өзін мемлекетінің толыққанды азаматы ретінде сезінбек», - деді ол.  

Ырза Тұрсынзада, сондай-ақ, қазір ұлттық қолөнершілерді қолдайтын арнайы заң ауадай қажет екенін айтты.

«Тәуелсіздіктің арқасында, 30 жыл егемендігіміздің аясында қолөнершілердің бағы жанды десе болады. Әлемді аралап, қазақтың болмысы мен ұлтымыздың күретамырымен таныстырып жатырмыз. Бірақ төлөнерімізді қаз-қалпында сақтап, ұрпаққа аманат етіп қалдыру үшін Үкімет тарапынан заңнамалық қолдау көрсетілсе, құба-құп болар еді. Қазір қолдағы асыл мұрамыздан ажырап қалмас үшін қолөнершілерді қорғайтын, салықтан босататын, ақысыз алаң ашуға көмек болатын жеке заңнама ауадай қажет екенін де назарға салғымыз келеді.

Еңбекті қадірлеуге, ұлттық өнерді сақтауға және әділ қоғам құруға бағытталған осындай заң аясында әрбір шебер өз өнерін дамытып, ел игілігіне үлес қосып, асыл мұрамызды кейінгі буынға жеткізуде болашақ алдындағы аманатын ақтайтынына бек сенемін», - деп пікір білдірді қолөнер шебері.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы жарияланғаны туралы жаздық.