Видеода әдейі ақ ұнтақты көрсеткен алматылықтың есірткіге қатысы тексеріледі

Бүгін, 12:37
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Видеода әдейі ақ ұнтақты көрсеткен алматылықтың есірткіге қатысы тексеріледі
Фото: видеодан скриншот/Алматы ПД

Алматыда ер адам полицейлердің көзінше ақ түсті зат салынған пакетті әдейі видеоға түсіріп, тәртіп сақшыларының назарын өзіне аударуға тырысқан. Нәтижесінде ол полиция бөліміне жеткізілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Алматы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Әлеуметтік желілерде тараған видеода ер адам полицияның қызметтік көлігі мен тәртіп сақшыларын түсіріп, қолындағы ақ ұнтақ салынған пакетті көрсетеді. 

Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиғаға түсініктеме беріп, автордың полицияға қарсы арандатушылыққа айналдырмақ болған видеосының соңы мүлде басқаша аяқталғанын мәлімдеді.

«Видео авторының жеке басы анықталды. Ол бұрын сотталған 43 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Ер адам ұсталып, Медеу аудандық полиция басқармасы жанындағы полиция бөліміне жеткізілді», – деп хабарлады полиция.

Есірткіге қатысты қылмыс болуы мүмкін деген дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ ер адам ұсақ бұзақылық жасағаны үшін жауапкершілікке тартылды. Материалдар сотқа жолданды.

Енді полицейлер видеода көрсетілген заттың қайдан шыққанын, оның құрамы мен мөлшерін анықтайды. Сондай-ақ ұсталған азаматтың есірткінің заңсыз айналымына қатысы бар-жоғы тексеріледі.