ҰҚК қазақстандықтардың жеке деректерін заңсыз таратқан қылмыстық топтың әрекетін әшкереледі

ҰҚК қазақстандықтардың жеке деректерін заңсыз таратқан қылмыстық топтың әрекетін әшкереледі
Фото: ҰҚК

Ұлттық қауіпсіздік комитеті прокуратура органдарының үйлестіруімен Астана және Алматы қалаларында ҚР азаматтарының дербес деректерін жинап, таратумен айналысқан күдікті адамдар тобының заңсыз әрекеттерінің жолын кесті, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҰҚК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тергеу материалдары бойынша қылмыстық іс фигуранттары заңсыз жолмен алынған ақпаратты интернет желісінде сатып келген.

Сатып алушылар қатарында микроқаржы және коллекторлық ұйымдардың кейбір өкілдері, сондай-ақ жеке тұлғалар болған.

Тінту барысында компьютерлік техника, электрондық ақпарат тасымалдағыштар, ірі көлемде ақша қаражаты және өзге де заттай дәлелдемелер тәркіленді.

Қылмыстық кодекстің 147, 208 және 210-баптары бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.

«Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – делінген хабарламада.

Бұған дейін Жамбыл облысында мал ұрлығымен айналысқан екі топтың ұсталғанын жазған едік.