Ұлттық электронды кітапхананың қолданушылар саны 700 мыңнан асты
Ұлттық электронды кітапхана 2007 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасының негізінде ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің жобасы ретінде құрылған, деп хабарлады Elordainfo.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2025 жылы кітапхана айтарлықтай көрсеткіштерге қол жеткізді.
Кітапхана қорында 64 тілде құжат сақталған, платформаны 122 елдің оқырмандары пайдаланады. Олардың қатарында Қытай, Ресей, АҚШ, Германия, Өзбекстан, Түркия, Нидерланд, Франция, Қырғызстан сынды елдер бар.
Ал пайдаланушылар саны 718 955-ке жетті. Қазақстан Ұлттық электронды кітапханасы қорында кітаптар, мақалалар, диссертациялар және аудио-видео файлдар – жалпы 83 809 құжат жүктелген. Барлық материалдармен тіркелмей-ақ порталда танысуға болады.
Бұған дейін еліміздің кітапханалары 240 мыңнан астам әдебиетпен толыққанын жаздық.