Ұлбала Тойлыбаева: Рәміздер әр азаматқа оның үлкен бір елдің бөлшегі екенін сезіндіреді

Бүгін, 11:38
elordaaqparat elordaaqparat
Ұлбала Тойлыбаева: Рәміздер әр азаматқа оның үлкен бір елдің бөлшегі екенін сезіндіреді
Фото: Сұлтан Сейіт

Мемлекеттік рәміздер – Қазақстанның тәуелсіздігі мен ұлттық бірегейлігін танытатын маңызды нышанның бірі. Осы орайда Астана қаласындағы №114 мектептің директоры Ұлбала Тойлыбаева мемлекеттік рәміздердің жас ұрпақ тәрбиесіндегі орны туралы пікірін білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі. 

Мектеп директорының айтуынша, Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Әнұран – ел егемендігін айқындайтын басты мемлекеттік нышандар. Олар халықты ортақ мақсаттарға жұмылдырып, қоғамдағы бірлік пен азаматтық бірегейлікті күшейтуге ықпал етеді.
«Мемлекеттік рәміздер – еліміздің тәуелсіздігін, егемендігін және ұлттық құндылықтарын бейнелейтін басты нышандар. Туымыз, Елтаңбамыз және Әнұранымыз әрбір қазақстандықты ортақ мақсат пен ортақ құндылықтар төңірегіне біріктіреді. Әсіресе көпұлтты Қазақстан қоғамында мемлекеттік рәміздер азаматтардың елге деген сүйіспеншілігін арттырып, ортақ жауапкершілік пен бірегейлікті қалыптастыруға қызмет етеді. Рәміздерге құрмет көрсету – Отанға деген құрметтің көрінісі», - деп атап өтті Ұлбала Тойлыбаева.

Балаларды ерте жастан мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарауға баулу олардың бойында елге деген сүйіспеншілік пен жауапкершілік сезімін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.

«Баланың бойындағы патриоттық сезім мен азаматтық жауапкершілік ең алдымен отбасы мен мектепте қалыптасады. Сондықтан мемлекеттік рәміздердің мәнін ерте жастан түсіндіру өте маңызды. Бала Тудың, Елтаңбаның және Әнұранның мағынасын түсіне отырып, өз елінің тарихына, мәдениетіне және жетістіктеріне құрметпен қарауды үйренеді. Бұл олардың ел болашағына бейжай қарамайтын, саналы азамат болып қалыптасуына ықпал етеді», - дейді мектеп директоры.

Егемендік нышандары жастардың бойында патриотизм мен ел болашағына деген жауапкершілік сезімін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Ұлбала Тойлыбаеваның сөзінше, мемлекеттік рәміздер әрбір азаматқа өзін кең байтақ елдің ажырамас бір бөлігі екенін ұғындырады.

«Мемлекеттік рәміздер әр азаматқа оның үлкен бір елдің бөлшегі екенін сезіндіреді. Олар жастарды өз елінің дамуына үлес қосуға, білім алып, еңбек етуге ынталандырады. Әнұран шырқалғанда немесе Ту көтерілгенде әрбір адамның бойында мақтаныш сезімі оянады. Осындай сезімдер арқылы патриотизм қалыптасып, елдің болашағына деген жауапкершілік күшейеді», - деп атап өтті мектеп директоры Ұлбала Тойлыбаева.

Тәуелсіздік жылдарында халықтың мемлекеттік рәміздерге деген көзқарасы өзгеріп,бүгінде ол қоғам өмірінің түрлі саласында айқын көрініс табуда. Бұл патриоттық сананың нығаюының маңызды көрінісіне айналды.

«Тәуелсіздік жылдарында мемлекеттік рәміздер халықтың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналды деп айтуға болады. Бүгінде халықаралық жарыстарда, мәдени және қоғамдық іс-шараларда азаматтарымыз Туды мақтанышпен көтеріп, Әнұранды ерекше ықыласпен орындайды. Әлеуметтік желіде де жастардың мемлекеттік рәміздерді дәріптеуге белсенді атсалысып жүргенін көреміз. Бұл қоғамдағы патриоттық сананың нығайып келе жатқанын көрсетеді», - деп атап өтті мектеп директоры. 

Жастар арасында мемлекеттік рәміздерді насихаттауда заманауи цифрлық форматтар мен интерактивті бастамалар ерекше рөл атқарады. 

«Қазіргі жастар ақпаратты цифрлық ортадан қабылдайды. Сондықтан мемлекеттік рәміздерді насихаттауда әлеуметтік желідегі шығармашылық жобалар, қысқа бейнероликтер, челлендждер, подкасттар, интерактивті сабақтар мен патриоттық форумдар тиімді нәтиже береді. Сонымен қатар мектептерде оқушылардың өздері ұйымдастыратын жобалар, пікірталастар мен танымдық кездесулер жастардың қызығушылығын арттырады», - деп түйіндеді Ұлбала Тойлыбаева. 

Оның айтуынша, ең бастысы – рәміздерді тек мерекелік күндерде ғана емес, күнделікті өмірде қолдану мәдениетін қалыптастыру қажет.

Авторы: Мадина Ізекенова