21.11.2025
RU
Мәзір

Colman Domingo and Jude Law at amfAR’s Venice Gala

Үкіметте Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңес отырысы өтті

|
Photo: primeminister.kz
Colman Domingo and Jude Law at amfAR’s Venice Gala

Үкіметте Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңес отырысы өтті

|
Photo: primeminister.kz

Премьер-министр Олжас Бектенов мемлекетік органдар басшыларының, сарапшылар мен урбанистердің қатысуымен Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңестің отырысын өткізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Онда Мемлекет басшысының халықаралық іскерлік белсенділік, инновациялар және технологиялар орталығын құру бойынша алға қойған міндеттерін жүзеге асыруға баса назар аударылды.

Кеңес мүшелері Президенттің Алатау қаласына даму қарқыны озық қала деген арнаулы мәртебе беру жөніндегі Жарлығы шеңберінде тиісті институционалдық базаны әзірлеу барысы мен инфрақұрылым салу және инвестициялар тарту жөніндегі шараларды талқылады. Alatau Сity Аuthority жаңа мемлекеттік қорының қызметіндегі мәселелер қаралды. 

Премьер-министрге әзірленіп жатқан «Алатау қаласының арнайы мәртебесі туралы» Конституциялық заң жобасына қатысты ұсыныстар айтылды, олардың ішінде өзінің жеке реттеушілік және әкімшілік экожүйесін құру, құқықтық және басқарушылық инновациялар, мемлекеттік сервистердің цифрлық интеграциясы және тағы да басқалар бар.

Одан бөлек, құрылыс, энергетика, экология, көлік және ТКШ салаларында, соның ішінде «ақылды» қала технологиясы шеңберінде де, халықаралық стандарттар мен инновацияларды енгізу ұсынылып отыр. Кепілдіктерді қамтамасыз ету және инвесторлар үшін қолайлы жағдайлар жасау жөніндегі шаралар да көзделген. Маңызды бағыттардың бірі – робототехникалық жүйелерді дамыту және кеңінен пайдалану, сондай-ақ цифрлық активтердің айналымын реттеу.

Кеңес мүшелері Алатау қаласында инженерлік-инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру жөніндегі Жол картасын қарады. Қанат Бозымбаев бүгінгі таңда инженерлік желілерді жоспарлаудың салалық схемалары бекітілгенін және бірінші кезекте жобасы жасалып, құрылысы салынатын 30 нысан анықталғанын баяндады.

Мұнда қолданыстағы ғимараттарды реконструкциялау және жаңа инфрақұрылым нысандарын салу жұмыстары қатар жүргізіледі. Жаңа нысандардың ішінде бірнеше қосалқы стансалар, су жинау торабы, газ құбырлары, кәріз тазарту құрылыстары, автожолдар және тағы да басқалар бар. Бұл жұмыстарды келесі жылы бастап кету жоспарланып отыр. Инфрақұрылымдық нысандарды салу кезінде «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасының тетіктері пайдаланылатын болады. Сондай-ақ EPC+F құралдарын қолдану мүмкіндіктері қарастырылады, мұнда мердігер компания қаржыландырудан бастап жобаның барлық кезеңдеріне жауап береді.

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Алатау қаласының ағымдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы және жаңа инвестициялық жобаларды іске қосу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Алатау қаласының бюджеті үш есеге өсіп, 8,8 млрд теңгеге жетті. 10 айда өнеркәсіптік өндіріс көлемі 17%-ға артып, 115,6 млрд теңгені құрады.  Бұл ретте инвестиция көлемі 13%-ға өсіп, бүгінде шамамен 46,4 млрд теңгеге жетті. Пул 21 мыңнан астам жұмыс орнын ашуды көздейтін 41 инвестициялық жобаны қамтиды. Қазіргі уақытта құны 1 трлн теңге болатын 18 жоба жүзеге асырылуда. Бұл – PepsiCo, United Hygiene, «Молочная долина», АСП арена, QazQon Hub, АВЗ, Исткомтранс сияқты басқа да ірі компаниялардың логистика, АӨК, тамақ және жеңіл өнеркәсіп салаларындағы жаңа өндіріс орындары.

Жалпы ауданы 97,9 мың гектарды құрайтын еліміздегі ең ірі Аlatau АЭА құру жұмыстары жүргізілуде. Оның 24 мың гектардан астамы қала сыртында орналасқан және АӨК өнімдерін қайта өңдеудегі маңызды жобаларды қамтиды. Осы өндіріс орындарына кепілдіктерді сақтау және жаңа кәсіпорындарды іске қосу мақсатында жаңа өнеркәсіптік-логистикалық АЭА құру жөніндегі әкімдіктің ұсыныстары қаралды. Болашақта бұл Алматы облысында индустриялық, логистикалық, туристік және энергетикалық кластерлердің дамуына ықпал етеді.

Бас жоспарды жүзеге асыру аясында Алатаудың сәулет келбеті мен заманауи қала құрылысына қатысты шешімдерге ерекше назар аударылды. «Caspian Group» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Юрий Цхай Iconic building іскерлік орталығының көрнекті ғимараты құрылысын қамтитын, Gate District ауданында жаңа іскерлік ауданды дамыту жөніндегі жобаны таныстырды. Биылғы қыркүйек айында Мемлекеттер басшыларының қатысуымен өткен Қазақ-қытай іскерлік кеңесі аясында аталған жоба бойынша үшжақты келісімге қол жеткізілді.

Жалпы, Алатауда тұрғын үй құрылысы қазіргі таңда оң қарқын көрсетіп отыр. Биыл 103 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Халықаралық сарапшыларды тарту және әлемнің жетекші мегаполистері тәжірибесін зерделеу арқылы қаланың дизайн-коды және кешенді көлік схемасы әзірленуде.

Отырыс қорытындысы бойынша Премьер-министр тиісті министрліктер мен Алматы облысы әкімдігіне жұмыстарды жеделдету және сапалы жүзеге асыру жөнінде бірқатар тапсырма берді.

Ұқсас жаңалықтар

Барлығы ↗